ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады
Елімізде өрт қауіпті кезеңі басталғаннан бері 407 орман өрті, 4 дала өрті және 1 186 құрғақ шөптің жану жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Орманды-дала алқаптарында және демалыс орындарында 8 993 бірлескен рейд жүргізілді. Осы мақсатта азаматтық қорғау органдарының, ішкі істер органдарының, табиғатты қорғау және орман мекемелерінің, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен 3 708 адамнан құралған 655 мобильді топ құрылды. Рейд нәтижелері бойынша рұқсатсыз от жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарындағы құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, сабанды өртеу және қауіпсіздік талаптарын бұзу бойынша 3 281 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жергілікті атқарушы органдардың табиғатты қорғау және орман мекемелерімен бірлесіп 237 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. Шаруа қожалықтарын аралау жұмыстары жүргізіліп, жұмысшылар мен басшыларға нұсқамалар берілді, бастапқы өрт сөндіру құралдарының болуы тексерілді, сондай-ақ ұсынымдар көрсетілген арнайы жадынамалар таратылды. 4 056 елді мекенде құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізіліп, 26 125,1 шақырым минералдандырылған жолақтар құрылды.
Осы кезеңдегі өрттердің негізгі себептері – от жағу, сөндірілмеген темекі тұқылдары мен сіріңкелер, шөп пен қоқысты рұқсатсыз өртеу, балалардың отпен ойнауы. Өрт қаупі жоғары кезеңде от көздеріне, әсіресе орманды және далалы аумақтарда ерекше назар аударып, барынша сақ болуға шақырамыз.
Табиғи өрттердің туындау қаупін азайту мақсатында ТЖМ азаматтардан өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұрайды:
- жанған сіріңке мен темекі тұқылдарын тастамау;
- орманды және далалы алқаптарда от жағуға жол бермеу;
- күн сәулесі шыны арқылы өтіп, құрғақ шөпті тұтандырмауы үшін табиғат аясында болғаннан кейін шыны ыдыстарды өзіңізбен бірге алып кету;
- жанғыш қоқыстарды шығару, құрғақ өсімдіктерден тазарту және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстарын жүргізу;
- табиғи өрттер туындаған жағдайда 101, 112 телефондары арқылы өртке қарсы қызметке дереу хабарлау қажет.
Орманды және далалы алқаптарда өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Еске сала кетейік, Астанада төрт қабатты ғимараттан өрт шықты.