Тұрмыста қолданатын крандарды сенсорлы крандарға ауыстыруға болады – су саласы маманы

Тұрмыста қолданатын крандарды сенсорлы крандарға ауыстыруға болады – су саласы маманы
Фото: freepik.com

Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдеу және су дипломатиясы дамытуға қатысты жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Суды үнемдеу бағытында 2025 жылдың I тоқсанында «Астана су арнасы» кәсіпорны дифференциалдық тариф жүйесін енгізді яғни бұл тариф өткен жылы су үнемдеу бағытында өте жақсы үлесін тигізді. Мұндай пікірді кәсіпорынның су тазарту құрылғылары бас инженер-технологы Жаннұр Қабылбеков Elordainfo.kz тілшісіне айтып берді.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Маманның айтуынша, бұл тарифке сәйкес жеке немесе заңды тұлғаларға су тұтынуына қатысты лимит орнатылды.

«Мысалы, жеке тұлға айына 3 текше метр су қолданса, яғни текше метріне 105 теңге төлейді. Ал егер су тұтыну бір айда 3 текше метрден асатын болса, онда жоғары тарифпен төленеді яғни текше метріне 126-158 теңгеден келеді. Әрине мұндай төлем жүйесі тұтынушылардың көпшілігін суды үнемдеуге ынталандырады. Себебі ешкім суды артық жұмсап, оған артық ақша төлегісі келмейді. Үкіметтің және әкімдіктің қолдауымен біздің мекеменің тарапынан осындай су үнемдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді маман.

Жаннұр Қабылбеков көрші мемлекеттермен трансшекаралық өзендердің жұмысы реттеліп, су қоймаларының көлемін арттыру бағытында қарқынды жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

«Астана су арнасы» мекемесіне келетін болсам, су дипломатиясы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы күзде Оңтүстік Корея мемлекетінің және еліміздің Су ресурстары және ирригация министрлігінің бірлесе ұйымдастырылуымен үлкен форум өтті. Соған «Астана су арнасы» мамандары белсене қатысты. Соның арқасында біздің кәсіпорынға кореялық әріптестеріміз Корея елінде жасалған су сорғы агрегаттарын тегін жеткізіп бермекші. Бұл біздің кәсіпорын үшін дипломатия тұрғысында үлкен қадамдардың бірі. Мекеме жалпы су бағытында шетелдік ірі компаниялармен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып және модернизациялау бағытында өзара іс-қимылда көш бастап тұр», - деді кәсіпорын қызметкері.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгінде су ресурстарының азаюына өте көп факторлар әсер етеді. Маман солардың бастыларын атап берді.

«Басты факторлар – трансшекаралық өзендер ағысы, жер асты суының (скважина) деңгейінің төмендеуі, жауын-шашынның, қардың азаюы. Бұл факторлар өзен көлдердің, су қоймаларының деңгейіне тікелей әсерін тигізеді. Ол көбейсе әлбетте су дефициті жояды», - деп пікір білдірді спикер.

Жаннұр Қабылбеков бүгінде су үнемдеуге қатысты ұсынысын айтты.

«Мысалы күнделікті тұрмыста қолданатын крандарды болашақта сенсорлы крандарға ауыстыруға болады. Сенсорлы кран үлкен сауда орталықтарында кездестіріп жүрген крандар яғни қолыңызды сканерлесеңіз, су ағады немесе ақпайды. Сол секілді мұндай крандарды үйде күнделікті тұрмыста орнатқан жағдайда суды үнемдеу болады. Яғни суды ашып қойып, мақсатсыз жұмсаудың алдын алады. Мен мұндай дүниелерді жақын арада Еуропа мемлекеттеріне (Германия, Франция) барғанда көрдім. Олар сенсорлы крандарды үйге, кеңселерге, сауда орталықтарына яғни барлық орынға енгізген. Әлбетте, біздің халық үшін бұл әлі бөтен, ыңғайсыз дүние секілді көрінуі мүмкін. Дегенмен қазіргі заман талабы – осы. Келешекте судың құны мұнай немесе алтын секілді табиғи байлықтардан 10 есе қымбат болатынына толықтай көзім жетеді», - деді ол.

Фото: Оңалхан Өнерхан

Қазіргі таңда су үнемдеу мәдениетін қалыптастыруды әрбір адам ең бірінші кезекте өзінен бастауы қажет.

«Осы орайда тұтынушы су мәдениетін қалыптастыру үшін мемлекеттік коммуналды мекемелермен тығыз байланысты болуы тиіс. Неге? Себебі қарапайым халыққа су тазарту жүйелерін, соған жұмсалатын еңбекті түсіндіріп көрсетуіміз керек. Қоғам белсенділеріне су тазарту станцияларына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылуы қажет. Адам баласы белгілі бір мәдениетті бойына сіңіру үшін оны алдымен көзімен көруі керек емес пе? Сондай-ақ тарифтер жүйесін енгізу қажет. Осылайша тұтынушылар судың қадірін түсінеді деп ойлаймын», - деді спикер.

Маман елімізде гидрогеологиялық жұмыстар тоқтамау қажеттігіне ерекше тоқталды.

«Қазақстанда әлі толық зерттелмеген жерасты су көздері жеткілікті. Осы бағытта көп жұмыс жасалуы керек. Нақтырақ айтқанда, 20-30 жылға яғни болашаққа бағдарлама түзілуі қажет. Менің ойымша, осыған жауапты министрлік тарапынан осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр. Бүгінде суды үнемдеу бағытында технологиялар саны артып келеді. Осы орайда біздің мекемеде қолданылып жатқан технологияларға тоқталғым келеді. Олар: SCADA жүйесі, су құбырларына орнатылған құрылғылар су желісінің қысым нүктесі, қысым реттегіштері және айналмалы су жүйелері, су тазарту станцияларында және көлік жуу бекеттерінде суды қайта тазартып пайдалану жүйесі. Сондай-ақ болашақта Канада елінің тәжірибесін қолдану артық болмас. Бұл – менің жеке пікірім. Себебі аталған елде әжетханаларда ауыз судың орнына техникалық суды қолданады. Бұл суды тіпті көлік жуу бекеттерінде де пайдаланады. Ал ауыз суды бұл елде тек ішу мен жуына мақсатында ғана қолданылады», - деді Ж.Қабылбеков.

Оның айтуынша, алдағы жылда су тапшылығы орын алуы мүмкін.

«Расында, алдағы 10-20 жылда су тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ ауқымды апатқа болмайтынына сенімдімін. Себебі бүгінде өңірлерде су үнемдеу бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, елордада жаңа су тазарту станциясының құрылысы басталды. Ол қала тұрғындарын тәулігіне 210 мың текше метр қосымша сумен қамтамасыз ете алады», - деп сөзін түйіндеді Жаннұр Қабылбеков.