Тұрақтағы дрифт: елордада BMW жүргізушісі жауапқа тартылды
Елордалық полицейлер қаладағы тұрақтардың бірінің аумағында қауіпті маневр жасау фактісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, BMW маркалы автокөліктің 29 жастағы жүргізушісі қасақана көлік құралын басқарудан шығарып, дрифт жасап және шеңбер бойымен қозғалу арқылы тұрақ аумағындағы азаматтар мен автокөліктердің қауіпсіздігіне қауіп төндірген.
Сонымен қатар, оның әрекеттерінің салдарынан жол жабыны бүлініп, ластанған.
Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда, қауіпті маневр жасағаны, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзғаны, жолдарды бүлдіргені, сондай-ақ ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
Полиция агрессивті жүргізу мәнері, дрифт жасау және жол қозғалысы ережелерін әдейі әрі өрескел бұзу азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай фактілердің барлығы қатаң түрде жолы кесіліп, құқық бұзушылар міндетті түрде жауаптылыққа тартылады.