Түнгі рейд: Елорда полициясы 5 мыңнан астам ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тартты
Астанада биыл 5 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қала тыныштық құшағына енгенімен, елорда көшелерінде ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандар әлі де кездеседі. Мұндай жағдайларды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілетін түнгі рейдтер барысында полиция қызметкерлері тұрақты түрде анықтап келеді.
Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы бойынша кәмелетке толмағандардың заңда белгіленген уақыттан кейін тұрғын үйден тыс жерде болуына жол берген 5 324 заңды өкіл әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Кезекті профилактикалық іс-шара барысында түнгі сағат бір шамасында полиция қызметкерлері жасы 12 мен 16 аралығындағы жасөспірімдер тобын анықтады. Олар ересектердің қарауынсыз елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің маңында жүрген. Жасөспірімдер полиция бөліміне жеткізіліп, кейін заңды өкілдеріне тапсырылды. Ата-аналарына қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды.
Полиция Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуға тыйым салынатынын еске салады.
«Ата-аналарды балаларының қайда жүргенін бақылауға, олармен үнемі байланыста болуға және араласатын ортасын білуге шақырамыз», - делінген хабарламада.
Балалардың қараусыз қалуының және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу полиция қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада алкогольді заңсыз сату және кальян шегу бойынша рейд өткізілгені туралы жаздық.