Жасөспірімдер арасында триатлоннан тұңғыш чемпион атанған Диана Ержанова: Жазғы Азия ойындарына баруды көздеймін
Триатлоннан жасөспірімдер және U23 санатында өткен Гонконгтағы Азия чемпионатында топ жарған Диана Ержанова өз эмоциясымен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- 2-3 күн бұрын ғана БАҚ беттерінде сізді триатлоннан жасөспірімдер арасында тұңғыш рет чемпион атанған спортшы ретінде жарыса жазды. Қандай әсерде болдыңыз?
- Еліміздегі сайттарда менің есімімнің болуы үлкен қуаныш сыйлады. Керемет әсердемін. Үлкен жеңіс бапкерлердің ақыл-кеңесі, маған деген сенімінің арқасында ғана жүзеге асты. Оңай болды деп айта алмаймын.
1-орын. Диана Ержанова - 01:01:59
2-орын. Канаде Сугиура (Жапония) - 01:02:16
3-орын. Парк Сеун (Оңтүстік Корея) - 01:02:43
- Триатлон ауа-райына тікелей тәуелді спорт қой. Жарыс барысы сіз үшін қалай өрбіді?
- Бірінші кезеңде 750 метр қашықтыққа жүзуде мәреге 10-орынмен жеттім. Екінші кезеңде 18 шақырымды қамтитын велосипед сайысында Жапония спортшысы Канаде Сугиурамен мәреге бірдей келдік. Шешуші 5 шақырымдық жүгірісте жапон қызын 17 секунд артқа қалдырып топ жардым. Ауа-райы да мен үшін өте қолайлы (16 градус) болды. Осы жерде тағы бір айта кететін жайт, мен 2022 жылы да Гонконгта 15 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионы атанған едім.
- Сіздің триатлондағы ең мықты тұсыңыз? Отбасыңыз да спортқа жақын ба?
- Қазіргі сәтте жүгіру деп айта аламын. Себебі, жүгіруден өз санатымда Қазақстан чемпионаттарында да сайысқа түсемін. Отбасымда әпкелерім гимнастика және гандболмен айналысады. Спортқа жақынбыз.
- Триатлон Олимпиада бағдарламасына кіргенімен, отандық жанкүйерлердің арасында қатты танымалдылыққа ие емес қой. Сіздің осы бағытты таңдауыңызға не ықпал етті?
- Басында ата-анам мені жүзуге берген еді. Кейін 2018 жылы жүзудегі бапкерім маған триатлонмен айналысуға кеңесін берді. 11 жасымнан бері осы спортта келе жатырмын. Таңдау жасауда қателеспеген шығармын деген сенімдемін.
- Жасөспірімдер арасындағы жетістікті бағындыру сізді одан да үлкен мақсатқа ұмтылуға итермелейтін шығар?
- Иә, әрине. Жеңістер өзіңе деген сенімділікті арттырады. Енді бұйырса, 2026 жылдың басты спорттық жарысы Жапониядағы жазғы Азия ойындарына баруды көздеймін.
- Сұхбатыңызға рахмет!