Тоқаев: Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе

Бүгін, 13:45
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы елордадағы Өңірлік экологиялық саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе.

Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.

Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.

Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.

Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды.

«Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды.

Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды.

Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.

Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз.

Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.