Астанада қоғамдық орындарды ластағандар бейнекамера арқылы анықталуда
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Астана қаласының Полиция департаменті қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерінің жолын кесу бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны және қала аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 26 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапқа тартылды. Олардың қатарында жол төсемі мен оған іргелес аумақтарды ластаған жүк көлігі жүргізушілері де бар.
«Мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмысы полиция қызметкерлері мен Жедел басқару орталығының өзара іс-қимылы арқылы күн сайын жүргізіледі. Экологиялық тәртіпті қамтамасыз етуде жасанды интеллект элементтері бар интеллектуалды бейнебақылау жүйесінің рөлі айрықша», - делінген хабарламада.

Тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи камералардың көмегімен көшелер, саябақтар, аулалар және басқа да қоғамдық орындар үздіксіз бақыланады.
Мәселен, бейнебақылау камераларының көмегімен күндізгі уақытта 24 жастағы елорда тұрғыны Шалкөде көшесінде қоғамдық орында темекі тұқылын тастап, қоғамдық орынды ластағаны, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі талаптарын бұзғаны анықталды. Аталған азаматқа қатысты әкімшілік шара қолданылды.
Осыған ұқсас тағы бір дерек бейнебақылау камералары арқылы мониторинг жүргізу барысында тіркелді.
«Таза Қазақстан» қағидаттарын жүзеге асыру – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі, ал заманауи бейнебақылау технологиялары әрбір анықталған құқық бұзушылық үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады қалалық полиция департаменті.