«Шыңғыс хан рөлін сомдадым»: театр актері Жанқалдыбек Төленбаев 2025 жылғы жаңалықтарын айтты
Өнерсүйер қауымға Мұқағали рөлімен кеңінен танылған елорданың Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев Elordainfo.kz тілшісіне 2025 жылғы жаңалықтары мен 2026 жылғы жоспары туралы айтты.
«Театрда спектакльдерімізді үздіксіз қойып жатырмыз. Онда жауапты рөлдерді сомдап жүрміз. 2025 жылы «Патша көңілім, не дейсің» қойылымы болды. «Жошы хан» спектаклінде Шыңғыс хан рөлін сомдадым. Сонымен қатар Қазақ ұлттық өнер университетінде де қызмет атқарып келемін. Сол жердегі үлкен қуаныш Президенттің қолдауымен екі жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілген ғимаратымызда 2025 жылдың қыркүйегіндегі жаңа оқу жылында сабағымыз басталды. Жаңарған ғимаратқа көңіліміз толды. Осы жаңа ғимаратқа келген соң, 1-курс студенттерін қабылдадым. Олар, міне, 1 курстың жартыжылдық сессиясын ойдағыдай тәмамдап жатыр», - деді Жанқалдыбек Төленбаев.

Театр және кино актері келер жылғы жоспары туралы да айтып өтті.
«2026 жылы театрда жазушы Дулат Исабековтің тағы бір шығармасын сахналамақпыз. Оның тақырыбы әзірге құпия күйінде қала тұрсын. Қазіргі уақытта режиссер рөлдерді бөлді. Маған басты рөлдердің бірі бұйырғалы тұр. Сол сияқты келесі жылы үлкен-үлкен спектакльдер қойылады. Ал кино түсіріліміне келсек, әзірге нақты жоспар жоқ. Дегенмен режиссерлер тарапынан шақырту болып жатса, баруға дайынмын», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.
Астана жұртшылығына жылы лебізін білдірген өнер иесі елордамыздың көркейіп, өркендей беруіне тілектестігін жеткізді.
«Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын. Қазақстандағы әр отбасына келер жаңа жылымыз өзінің құт-берекесімен, жақсылығымен, ырыс-несібесімен келсін. Келешегіміз кемел болсын», - деді Жанқалдыбек Төленбаев.
Бұған дейін әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықовтың 2025 жылғы жарқын сәттері туралы жазған едік.