«Шабытқа» жұмысқа кірдім»: Медет Салықов 2025 жылғы жаңалықтарын бөлісті

«Шабытқа» жұмысқа кірдім»: Медет Салықов 2025 жылғы жаңалықтарын бөлісті
Фото: instagram.com/medetsalyk

Ширек ғасырдан бері Астанамен бірге жасасып келе жатқан белгілі әнші, композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Медет Салықов Elordainfo.kz тілшісіне 2025 жылғы жаңалықтары туралы айтты.

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үмітіміз зор. 2025 жылы жеке басымда, отбасымда көптеген жаңалық болды. Шәкірт тәрбиелеу үшін «Шабытқа» (Қазақ ұлттық өнер университеті – ред.) жұмысқа кірдім. Бірқатар жаңа әнім шықты. Атап айтсақ, «Достар жыры» (әні: Дулат Айтжанов, сөзі: Сұлтан Дәулетхан – ред.), «Намыс жыры» (әні: Медет Салықов, сөзі: Сұлтан Дәулетхан – ред.) деген әндерім тыңдарманға жол тартты. Енді туған жеріме арналған әнімді міне шығарайын деп жатырмын. Отбасымның жаңалығына келсек, Клара (әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева – ред.) «Парасат» орденімен марапатталды. Осындай жаңалықтарымыз бар», - деді Медет Салықов.

Фотода Медет Салықов пен Клара Төленбаева

Сонымен қатар ол 25 жылдан бері елорданың тұрғыны ретінде бас қалада егілген әр талға, әр жаңа ғимаратқа қуанатынын жеткізді.

«Астанамыз жыл өткен сайын көркейіп келе жатыр. Қаланың тазалығына, көркемдігіне, кеңейіп жатқанына біз әрдайым қуанамыз. Қаладағы жақсы жаңалықтар біз үшін маңызды. Себебі 2000 жылдан бері Астанамен бірге жасасып келе жатқаннан соң да, қаланың әр талы үшін, әр ғимараты үшін, тарихи оқиғалары үшін біз қуанып отырамыз», - деді композитор.

Келер жылғы жоспары туралы айтқан өнер иесі жұртшылықты Жаңа жылмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«2026 жылы да жоспарымыз көп. Соның ішінде туған жерім Семейде концерт өткізсек деп ойлап отырмыз. Жалпы, Қазақстанның барлық аймағы мен Абай облысының аудандарында да концерттер қойсақ деген ниетіміз бар», - деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.  - «Қазақ елін, Астана жұртын Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймыз. Әр отбасына бақыт, береке-бірлік тілейміз. Жаңа жыл жақсылығымен келіп, еліміз өркендеп, қазақ елі әлемнің мықты елдерімен иық тіресетіндей жер шарындағы мықты мемлекеттің бірі болуын нәсіп етсін дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!».

Бұған дейін айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сара Тоқтамыс пен театр және кино актрисасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилинаның 2025 жылғы жарқын сәттері туралы жазған едік.