«Құштарлық» қойылымы терең ойға бөледі: Гүлмира Жакилина 2025 жылдың ерекше сәттерін айтты

«Құштарлық» қойылымы терең ойға бөледі: Гүлмира Жакилина 2025 жылдың ерекше сәттерін айтты
Фото: Гүлмира Жакилинаның жеке мұрағатынан

Театр және кино актрисасы, Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Жакилина 2025 жылы қандай жетістікке жеткенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«2025 жыл театрымыз үшін де өте жақсы жыл болды. Біздің Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында көптеген жаңа қойылым болды. Бірқатар фестивальге қатысып, жүлделі болдық. Жалпы, биыл мен үшін ерекше жыл болды. Талай жылғы еңбегім бағаланып, маған осы жылы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Мұндай марапатқа ие болуыма театр мен кино саласындағы жұмыстарымызға бірінші кезекте көрермен қауым мен өнер жанашырларының баға беруі себеп болды деп ойлаймын.

Әр жылға шүкіршілік айту керек. Денсаулық болса, жұмыс та сәтімен үйлеседі. Не нәрсені де жаныңмен сүйіп, шынайы жұмыс істесең, еңбек нәтижесін береді.

Биыл Qazaqstan TV ұлттық арнасының біршама телехикаясына түстім. Астанадағы «Жан» иммерсивті театрының актерлерімен де жұмыс істестім. Онда «Тақиялы періште» спектаклі болды. Шақырту алып, сол спектакльде ойнадым. Елорданың OzgeEpic креативті хабында да қазіргі қоғамдағы өте өзекті тақырып аутистік спектр бұзылыстары бар ерекше балалар туралы «Құштарлық» қойылымы болды. Бұл – әлем бойынша көтеріліп жатқан тақырып. Қойылымға дайындық барысында тақырып жөнінде ақпарат жинаған кезімізде аутистік спектр бұзылыстары диагнозы бар ерекше балаларға деген аналарының қамқорлығы қандай екенін көрдік. Бұрын ол жағына аса мән бермеппіз. Терең ойға бөлендік. Кейде баласы еркелікпен анасының тілін алмаса, соның өзіне де қиналып жатамыз. Ал аутистік спектр бұзылыстары бар балалардың қасында ол болмашы нәрсе екеніне көзіміз жетті. Сондай қиындыққа төзіп жүрген аналарға деген құрметіміз одан сайын арта түсті. Сонымен қатар OzgeEpic креативті хабында қоғамда талқыланатын өзекті тақырыптар аясында әйелдер туралы да спектакльдер қойылды. Екі театрда қатар жұмыс істеу мен үшін үлкен тәжірибе болды», - деді Гүлмира Жакилина Elordainfo.kz тілшісіне.

Фотода Астана әкімінің орынбасары Есет Байкеннің Гүлмира Жакилинаны марапаттау сәті

Сонымен қатар ол 2025 жылғы елордадағы жарқын оқиғалар туралы айтты.  

«Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай үлкен парад өтті. Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Конституциямыздың 30 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы сияқты жалпы ел көлемінде биыл бірқатар айтулы даталар аталып өтті. Астанада ұйымдастырылған іс-шаралардың бел ортасында жүрдік. Сонымен қатар биыл бірқатар шет ел басшылары елордаға келіп, біздің Президентпен келіссөздер жүргізді. Шетелдік меймандарға біз қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын көрсеттік. Бұл да мен үшін 2025 жылдың ауыз толтырып айтатындай оқиғаларының бірі десем болады», - деді театр және кино актрисасы.

Сондай-ақ Гүлмира Жакилина 2026 жылға қойған жоспары туралы сөз етіп, астаналықтарға жылы лебізін білдірді.

«Алға қойған жоспарымыз көп. Жаңа спектакльдерге қатысып, жаңа сериалдарға түссек деген ниетіміз бар. Бұйыртқанын көрерміз. Деніміз сау болып, айналамыздағы жақын адамдар қолдап тұрса, бәрі де болады. Тек асқақ арман, биік мақсат болуы керек. 2026 жылқы жылы берекелі, жақсы жыл болсын. Елімізде тыныштық болсын. Тыныштық бар жерде арман-мақсат та орындалады. Сондықтан өзара тату өмір сүрейік, бір-бірімізге сыйластықпен қарап, бір-бірімізді бағалайық, қолпаштайық, қарапайым болайық. Жаңа жыл құтты болсын!», - деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

Бұған дейін айтыскер ақын Сара Тоқтамыстың Астана жұртын Жаңа жылмен құттықтағанын жазған едік.