«7 жыл үзілістен кейін айтысқа шықтым»: Сара Тоқтамыс 2025 жылдың ерекше сәттерін айтты
Белгілі айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Сара Тоқтамыс 2025 жылы араға жеті жыл салып, айтыс сахнасына оралғанын айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жалпы айтыскер ақын ретінде айтыс сахнасына 7 жыл үзілістен кейін, осы 2025 жылы шықтым. Мамыр айында Қызылорда қаласында «Үш дәуірдің астанасы» атты айтыстың бас бәйгесін еншіледім. Соның нәтижесінде жыл сайын Астанада өтетін «Алтын домбыра» айтысына жолдама алдым. Сөйтіп «Алтын домбыра» айтысында өнер көрсетіп, бір пәтер, бір көлік, арнайы жүлдені қанжығама байладым десем болады. Айтыспен қатар 9 жылдан бері рефералды кәсіпкер ретінде де еңбек етіп келемін. Осы салада да елеулі жетістікке жеттік. 2025 жылы мен үшін сондай жарқын сәт көп болды», - деді айтыскер ақын Elordainfo.kz тілшісіне.

Елорданың белсенді тұрғыны ретінде қаладағы жарқын оқиғалардың ортасында жүретін ол бас шаһардағы маңызды саяси ірі іс-шаралардан да хабардар болып, елдік деңгейдегі істерге тілекші екенін жеткізді.
«Қашан көрсең, жыл он екі ай бойы қаланың тынымсыз тіршілігі қайнап тұрады. Дегенмен биыл да елордада ірі көлемдегі халықаралық іс-шаралар өз деңгейінде өтіп жатты. Мысалы, 29-30 мамырда Астана халықаралық форумы, маусымда «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. Халықаралық деңгейдегі бірқатар концерт ұйымдастырылды», - деді Сара Тоқтамыс.

2025 жыл өзі үшін де, қала үшін де табысты болғанын айтқан ол табалдырықтан еніп келе жатқан 2026 жылда да көп нәрседен үмітті екенін тілге тиек етті.
«Астана тұрғындарына бар жақсылықты тілеймін. Бастысы еліміздің тыныштығы баянды болып, көк туымыз биікте желбірей берсін. Түсінген адамға тыныштықтан артық бақыт жоқ. Мысалы, «түн тыныштығын берсін» деген сөздің төркінін кейде түсінбей жатамыз. Тереңіне үңілсек, сол «тыныштықтың» астарында бәрі жатыр. Елімізде тыныштық пен бейбітшілік болса, қалғанының бәрі болады. Еліміз жаңа белестерге көтеріліп, халқымыз аман болсын», - деген тілегін айтты Сара Тоқтамыс.



Бұған дейін 2025 жылы әскер спортында қандай жетістіктер болғанын жазған едік.