ШҚО-да заңсыз пайдалы қазба өндірген компания 1 млрд теңгеден астам табыс тапқан
Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында орналасқан «Глинковское» кен орнындағы компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін лицензиясы бола тұра пайдалы қатты қазбаларды заңсыз өндіру мен сатуды жолға қойған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігі сілтеме жасап.
Заңсыз кәсіпкерлік қызметін тергеп-тексеруді агенттіктің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті аяқтады.
ЖШС темір құрамды тау жынысын өндіріп, оны қайта өңдеп, ішкі нарыққа және Қытайға өткізіп келген. Заңсыз өндірілген өнімнің жалпы көлемі 70 мың тоннадан асқан.
Ауыр арнайы техниканы қолдану қоршаған ортаға теріс әсер етіп, жер бедерінің табиғи қалпының бұзылуына және жердің тозуына әкеп соққан.
Алынған қылмыстық табыс сомасы 1 млрд теңгеден асқан. Аталған қаражатқа күдіктілер бизнес орталық, Алматы қаласынан пәтер, «Land Rover Range Rover» автокөлігі, 2 автотұрақ орны және 2 жер телім сатып алған. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.
Айта кетейік, бұған дейін департамент Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы аумағындағы «Шыбынды» және Самар ауданының «Кеңқарын» учаскелерінде ауыр арнайы техника мен өнеркәсіптік жабдықтарды пайдалана отырып, алтынды заңсыз өндірумен айналысқан екі қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан.
Аталған заңсыз әрекеттер орман алқаптарының кесілуіне, өзен арнасының өзгеруіне және топырақтың құнарлы қабатының жойылуына әкеліп, экологияға елеулі зиян келтірген.
Еске салсақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кореяда заңсыз жүрген қазақстандықтар ақпан айының соңына дейін елден ерікті түрде шыға алатынын ескертті.