Сотталғандарға медициналық көмек қолжетімді бола түсті

Бүгін, 13:34
Думан Аманжол Думан Аманжол
Сотталғандарға медициналық көмек қолжетімді бола түсті
Фото: freepik

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталатын азаматтардың денсаулық көрсеткіштері жақсарып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

2025 жылдың қорытындысы бойынша сотталғандар арасындағы өлім-жітім 5%-ға төмендеген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша сотталғандардың арасындағы өлім 5%-ға төмендеді. Бұл нәтижеге медициналық инфрақұрылымды дамыту, профилактикалық іс-шараларды кеңейту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру арқылы қол жеткізілді.

Профилактикалық тексерулер мен скринингтерді кеңейту ауруларды анықтау деңгейін 28%-ға өсірді. Әсіресе қан айналым жүйесі аурулары мен қант диабеті сияқты созылмалы инфекциялық емес дерттерді анықтау көрсеткіші артқан.

Маңызды жаңашылдықтардың бірі — телемедицинаны енгізу. ҚАЖ-дың 17 мекемесіне арнайы жабдық орнатылып, қашықтан медициналық консультациялар саны 5 есеге көбейді. Сондай-ақ білікті медициналық көмектің қолжетімділігі жақсарды. 

Стационарлық көмектің де қолжетімділігі артты: тәулік бойы және күндізгі стационарларда емделушілер саны көбейген.

«Сотталғандарды медициналық қамтамасыз ету функциялары Ішкі істер министрлігінен Денсаулық сақтау министрлігіне берілгеннен кейін инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. ҚАЖ-дың 78 мекемесінде (оның ішінде 62 дәрігерлік амбулатория мен 16 медициналық пункт) медициналық қызмет көрсету жағдайы жақсартылды. Оның 55 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді», - делінеді хабарламада.

Министрлік алдағы уақытта да азаматтардың мәртебесіне қарамастан сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жұмыстарын жалғастыратынын атап өтті.

Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі кенеден қорғану жолдарын хабарлаған болатын