Семейде жалған нөмірмен жүрген көліктің айыппұлдары атыраулықтың атына келген

Семейде жалған нөмірмен жүрген көліктің айыппұлдары атыраулықтың атына келген
Фото: Оңалхан Өнерхан

Семей қаласында жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген BMW X5 көлігі анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Атырау облысының тұрғыны өзіне қатысы жоқ жол ережесін бұзғаны жөнінде айыппұлдар келе бастағанын айтып шағымданған. Абай облысының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының құрған іздестіру тобы 33 жастағы Семей тұрғынының басқа аймақ тұрғынына тиесілі нөмірді қолданғанын анықтады.

«Анықталғандай, ер адам BMW X5 автокөлігін басқа адамның мемлекеттік нөмірімен жүргізген. Нәтижесінде барлық айыппұлдар нөмірдің нақты иесіне келіп отырған. Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды, құжаттар белгіленген тәртіппен рәсімделді», делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жалған мемлекеттік нөмірді қолданғаны үшін заңда 15 АЕК көлемінде айыппұл, 5 күнге дейін әкімшілік қамау және көлік басқару құқығынан 1 жылға айыру қарастырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейін көлік ұрлығынан қалай сақтануға болатыны жөнінде полицейлердің кеңесін жарияладық.