Көлік ұрлығынан қалай сақтануға болады
Алматы қаласының Полиция департаменті автокөлік ұрлығының алдын алу мақсатында профилактикалық бейнематериалдар топтамасын дайындады, деп хабарлайды Elordainfo.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Бейнероликтерде көлік иелерінің салғырттығынан туындайтын ұрлық жағдайлары мен олардың салдары көрсетілген.
Полиция мәліметінше, қазіргі таңда Алматы қаласында автокөліктерді ұрлаумен айналысатын, агрегат нөмірлерін өзгерту немесе көліктерді бөлшектеу арқылы пайда табатын ұйымдасқан қылмыстық топтар тіркелмеген. Бұрын кең таралған мұндай қылмыстық схемалар бүгінде өзектілігін жоғалтқан.
Алайда қазіргі жағдай мүлде басқа. Автокөлік ұрлықтарының басым бөлігі – жекелеген, кездейсоқ сипаттағы фактілер. Олардың көбі көлік иелерінің өз жауапсыздығынан болады. Кейбір жүргізушілер автокөліктерін құлыптамай, тіпті кілтін оталған құлпында қалдырып немесе қозғалтқышы қосулы күйде бір сәтке дүкенге не жеке шаруамен кетіп жатады.
Алматы қаласы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Асхат Дәулетияровтың айтуынша, қазіргі ұрлықтардың дені алдын ала жоспарланған қылмыстар емес.
«Бүгінде тіркеліп жатқан автокөлік ұрлықтарының басым бөлігі – аяқ астынан жасалған әрекеттер. Көбіне олар алкогольдік мас күйдегі адамдардың қараусыз қалған көлікті пайдаланып кетуімен байланысты. Мұндай барлық деректер ашылып, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылады», - деді ол.
Полиция өкілдері мұндай қылмыстардың алдын алу қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы мүмкін екенін атап өтті.
Полициядан кеңес:
- автокөліктен шыққан кезде қозғалтқышты міндетті түрде сөндіріп, кілтті өзіңізбен алып жүріңіз;
- қысқа уақытқа кетсеңіз де, есік пен терезелерді толық жауып кетіңіз;
- көлік салонында кілттер мен құжаттарды қалдырмаңыз;
- дабыл қаққыштар мен ұрлыққа қарсы құрылғыларды пайдаланыңыз;
- күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, дереу полицияға хабарласыңыз.
Полиция азаматтарды жауапкершілікке шақырып, автокөлік қауіпсіздігі ең алдымен оның иесінің қырағылығынан басталатынын еске салады.