«SAREX 03/2026»: елімізде авиациялық ауқымды оқу-жаттығулар өтті
Жаттығу көптеген зардап шеккені бар әуе оқиғасы жағдайына барынша жақындатылған сценарий бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу барысында әуе кемесін анықтаудан бастап, шартты зардап шеккендерді эвакуациялау және олардың шартты туыстарына көмек көрсетуді ұйымдастыруға дейінгі іс-қимылдардың толық алгоритмі пысықталды.
Сценарийге сәйкес, шартты авиациялық оқиға Алматы халықаралық әуежайынан шамамен 100 шақырым жерде орналасқан Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы-Тас шатқалында болды.
Іс-шараға «Қазаэронавигация» РМК Іздестіру және құтқаруды үйлестіру орталығының күштері мен құралдары, «Қазавиақұтқару» АҚ және Қазақстан Республикасы ҰҚК Авиациялық қызметінің іздестіру-құтқару тікұшақтарының экипаждары, Алматы қаласы, Алматы облысы, Жетісу облысы және Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелері, Алматы облысы мен Шымкент қаласының денсаулық сақтау қызметтері және Апаттар медицинасы орталығы, сондай-ақ Шымкент әуежайының қызметтері жұмылдырылды.

«SAREX 03/2026» оқу-жаттығуларының мақсаты – іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге тартылатын күштер мен құралдардың әзірлігін тексеру, мемлекеттік органдардың, жедел-құтқару қызметтерінің, әуежай қызметтерінің және өзге де ұйымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ авиациялық оқиға туындаған жағдайда дағдарыстық басқару тетіктерін пысықтау болды.
Жаттығу барысында авариялық хабарлау, әуе кемесін іздеу, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, оларды эвакуациялау және Шымкент әуежайының Апаттық жоспарын іске қосу тәртібі пысықталды.
Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл, ақпарат алмасу, зардап шеккендердің туыстарына қолдау көрсету және барлық қызметтердің үйлесімді әрекет етуі тексерілді.

Алғаш рет «SAREX» ауқымды оқу-жаттығуларына бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері қатысты.
Осындай ауқымды оқу-жаттығуларды өткізу Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Еске салайық, бұған дейін Қарулы күштерде дрондарға қарсы іс-қимыл бойынша оқу-жаттығу өткізілгенін жаздық.