Рауан Кенжеханұлы: Тілдік нормаларға қатысты «Қазақ тілі» қоғамы мамандарының ұсынысын жеткіздім

Рауан Кенжеханұлы: Тілдік нормаларға қатысты «Қазақ тілі» қоғамы мамандарының ұсынысын жеткіздім
Фото: Конституциялық сот

Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы алғаш рет қазақ тілінде жазылып жатыр. «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Конституциялық комиссия мүшесі Рауан Кенжеханұлы желідегі парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, Жаңа Конституцияның мемлекеттік тілде жазылуы – символикалық мәні бар қадам ғана емес, тағдыршешті институционалдық маңызы бар тарихи шешім.

«Жаңа мәтінде қазақ тілінің табиғи сөз тәртібі, әуезі, сөзжасам принциптері ескеріліп, бір ұғым – бір термин – бір норма қағидаты сақталды. Құқықтық мағына мен тілдік форма қабысып, заң мәтіні бірізді әрі анық қалыптасты.

Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында қоғамдық талқыға ұсынылған түпнұсқа мәтіндегі сөз саптау, стиль және тілдік нормаларға қатысты «Қазақ тілі» қоғамы төңірегінде топтасқан мамандардың ұсыныстарын жеткіздім», - деді «Қазақ тілі» қоғамының жетекшісі.

Рауан Кенжеханұлы стильдік нормаларды сақтау және ана тіліміздің табиғи әуезін ескеру арқылы жаңа Ата заңның мәтінін бұдан да жеңіл, ұғынықты етуге болады деп сенетінін жеткізді.

Ол бұл бағыттағы жұмысқа әрі қарай да жан-жақты атсалысуға дайын екенін білдірді.

Еске салсақ, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин аталмыш отырыста Конституциямыз ел тарихында тұңғыш рет қазақ тілінде жазылып жатыр деп мәлімдеген болатын.