Ақтөбе облысында хромды терең өңдеу зауытын Қытай компаниясы салуы мүмкін
Өңірге келіссөздер жүргізу үшін Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясының өкілдері келді, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компанияның атқарушы директоры Тан Шуанцюань Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдіріп, өңірдің жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін әлеуеті зор екенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ іс-шараға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кинжақұлов қатысып, инвестициялық жобаны сүйемелдеуде жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді.
Sichuan Yinhe Chemical Co., Ltd. компаниясы жылына 200 мың тоннаға дейін өнім өндіретін, 600-ден астам жұмыс орнын құратын хромды қайта өңдеуге арналған заманауи химиялық кешен құрылысына 500 млн АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.
Жоба микроэлектроника, авиация және ғарыш өнеркәсібі үшін аса маңызды материал – жоғары тазалықтағы хром өндіруді көздейді.
Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылдық өнім көлемі 1,2 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтіліп отыр.
Жобаны талқылау барысында тараптар шикізат базасын қамтамасыз ету мәселелерін қарастырды. Бастапқы кезеңде өңірдегі жұмыс істеп тұрған кен өндіру кәсіпорындарынан хром концентратын жеткізу жоспарланып отыр.
Жобаның экологиялық құрамдас бөлігіне де назар аударылды. Компания хром құрамды материалдарды өңдеудің озық технологияларына, соның ішінде ресурстарды тұйық циклде пайдалану жүйелеріне және ағынды суларды тазартудың заманауи әдістеріне ие.
Тараптар жобаны жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады және бұл ынтымақтастық Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда әрі Ақтөбе облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытуда маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Бұған дейін Қазақстан көші-қон саясатын мамандар мен инвесторларды тартуға бағыттауға басымдық беріп отырғанын жаздық.