Қырғызстанмен шекарадағы «Кеген автожолдық» өткізу бекеті тәулік бойы жұмыс істейтін болды
Қазақстанның «Кеген автожолдық» – Қырғызстанның «Қарқара автожолдық» өткізу пункті тәулік бойына жұмыс істейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәжіліс 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.
«Түзету Қазақстанның «Кеген автожолдық» – Қырғызстанның «Қарқара автожолдық» өткізу пунктінің жұмыс режимін «тәулік бойына» өзгертуді көздейді. Бұл шешім екі елдің тауар айналымын арттыруға, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге септігін тигізеді», делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, Қырғызстанмен шекарада 12 өткізу бекеті бар, оның 8-і көпжақты («Кеген», «Қарасу», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Айша-бибі», «Сартөбе», «Аухатты», «Чалдовар») және төртеуі екіжақты (Ақсу, Бесағаш, Алатау, Жайыл).
Еске сала кетсек, Қазақстан мен Қытай арасында трансшекаралық өзендердегі суды бөлу келіссөздері жүргізіліп жатыр.