Құтқарушылар «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолында қалған өзбекстандықтарды эвакуациялады
Бүгін түнде құтқарушылар Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар «Астана – Қарағанды – Алматы» автожолының 948-шақырымында жол жиегіне шығып кеткен жеңіл автокөлік жолаушыларын эвакуациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлікте Өзбекстан Республикасының үш азаматы болған. Құтқарушылар азаматтарды жылыту пунктіне жеткізді.
ТЖМ қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен жолдан шығып кеткен көлікті жолдың тазартылған бөлігіне сүйреп шығарды.
Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болған жоқ.
ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын барынша сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады.
Бұған дейін алматылық құтқарушылар Мыңжылқы шыңында зардап шеккен альпинисті эвакуациялағанын жазған едік.