Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Құндылық. Тұлға. Болашақ» халықаралық педагогикалық форумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ауқымды іс-шараны Астана әкімдігінің және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен қалалық Білім басқармасы, Әдістемелік орталық және «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, форумның негізгі мақсаты - адамзаттық құндылықтарды оқу-тәрбие үдерісіне интеграциялау, педагогтер мен әдіскерлердің тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету.

«Педагог тек сабақ беруші ғана емес, сонымен қатар тұлғаны тәрбиелеуші де болуы керек. Осыған байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында пәнге адамзаттық құндылықтарды кіріктіру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осының негізінде педагогтеріміз форумда өздерінің іс-тәжірибесін бөлісіп, көрмелерде шығармашылық жұмыстарын таныстырып жатыр. Басты мақсат – әрбір баланың бойындағы қасиеттерін аша отырып, құндылықтарды бойына сіңіре отырып білім беруді көздеу. Бұл жерде республикадан 100-ден аса педагогтер келіп қатысып отыр. Сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстаннан келген ең үздік спикерлер іс-тәжірибесін бөліседі. Отандық спикерлеріміз өз кезегінде «әр мұғалім сабақ берген кезде қалай баланың қасиеттерін аша білуі керек, жас ұрпақты қалай өмірге бағыттау қажет және кейде оқушылар қандай да бір қиындыққа түсіп жатса, сол тығырықтан ұстаз ретінде қалай алып шығуы тиіс» - осы бағыттарда өздерінің іс-тәжірибесін паш етеді. Форумнан күтілетін нәтижеге келсек, біз өз іс-тәжірибемізді тарата отырып, құндылықтарды әр пәнге кіріктіру бойынша әрі қарай жоспар құрып, жұмыс істейтін боламыз», - деді Астана қаласы Әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дәуешова.

Форум барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Татарстан және отандық сарапшылар құндылықтарды білім мазмұнына енгізудің ұлттық және халықаралық модельдерін ұсынды.
«Тәжікстанда білім беру ұйымдары 2015 жылдан бастап енгізілген мемлекеттік деңгейдегі Ұлттық тұжырыммен жұмыс істейді. Бұл тұжырым 18 бағыттан тұрады. Елдегі әрбір мұғалім әр сабағында осы тұжырымдардың ең болмаса біреуін жүзеге асыру керек. Мысалы, математика мұғалімі өзінің сабағында оқушылардың Отанға деген сүйіспеншілігін дамыта алады. Ұстаз 45 минуттық сабағының 7-10 минутын балалардың бойына адамгершілік қағидаттарын сіңіруге арнайды. Бүгін мен өзімнің жеке іс-тәжірибемді бөлісетін боламын», - деді Тәжікстан Республикасы «Андарз» жекеменшік білім беру ұйымының сарапшы-әдіскері Азимджон Муллоев.

Айта кетейік, халықаралық форум екі күнге жалғасады. Бүгін қатысушылар назарына Q-Talks – TEDx форматындағы халықаралық және республикалық спикерлердің баяндама сессиясы, Астана қаласы білім беру ұйымдарының үздік тәжірибелері қойылған «Білім. Әдіс. Инновация» көрмесі, «Құндылықтарға бағдарланған білім: әдістемелік ынтымақтастық және тәжірибе» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұсынылды. Форумның екінші күні практикалық шеберлік сабақтары мен инновациялық оқыту модульдері таныстырылатын панельдік сессиялар өтеді.

