ҚР Сыртқы істер министрі БАӘ елшісін қабылдады
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Мұхаммед Әл-Арикиді қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасты.
Сондай-ақ сұхбаттасушылар екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуын атап өтті.
Е.Көшербаев өңірдегі шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, Қазақстанның барлық даулы мәселелерді халықаралық құқық қағидаттары негізінде тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді қолдайтынын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы іс-қимылдарды үйлестіруге бейілділігін растады.