Қостанайлық хакер 5 жылдан астам мерзімге сотталды
Қостанай қаласының №2 соты телекоммуникация саласындағы қылмыстық іске қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта телекоммуникация желілері арқылы берілетін ақпаратты, ақпараттық жүйелер мен телекоммуникация желілерін заңсыз өзгерту және пайдалану мақсатында қолданыстағы бағдарламалық өнімге қасақана өзгерістер енгізді деп айыпталған С.-ға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 210-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қаралды.
«2022 жылғы шілде айынан 2023 жылғы тамыз айына дейінгі аралықта айыпталушы белгісіз біреулермен бірге «MVTS» аппараттық-бағдарламалық кешенінің баптауларын заңсыз өзгерткен. Нәтижесінде халықаралық трафик ұлттық трафик ретінде өткізілген. Құқыққа қайшы әрекеттің салдарынан шетелдік IP-мекенжай арқылы қазақстандық абоненттер жөніндегі қызметтік ақпарат ел аумағынан тысқары жерге берілген. Бұл мемлекеттiң ақпараттық қауiпсiздiгiне қатер төндіріп, «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС байланыс операторларына зиян келтірген», делінген хабарламада.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушы С.-ға белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру және 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тараптар да қатаң жаза тағайындауды өтінді.
Алайда сотталушы өз кінәсін мойындамай, әрекетінде қылмыс құрамы болмағандығын айтып өзін ақтауды сұрады. Сотталушы бұрын сотталмаған.
«Сот жасалған қылмыстық ауырлығын, келтірілген залалды өтеу шарасы қабылдамағанын ескере отырып, С.-ға бағдарламалау немесе компьютерлік бағдарламаларды техникалық сүйемелдеу қызметімен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», делінген хабарламада.
2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының негізінде тағайындалған негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, түпкілікті өтеуге 5 жыл 7 ай 6 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, бір бөлмелі пәтерге 109 адамды тіркеген алматылық сотталғанын жазған едік.