Қорғансыз азаматтарды автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген алты адам ұсталды

Қорғансыз азаматтарды автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген алты адам ұсталды
Фото: ІІМ

Тәртіп сақшылары автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкерелеп, осымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін автокөліктерді шетелге шығарып сатқандарды ұстады.

«Күдіктілер қорқыту арқылы қорғансыз азаматтардың атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында азаматтардың банк шотын уақытша толықтырып, олардың несие тарихын жасанды түрде жақсартқан. Соған қоса күдіктілер жалған құжатты пайдалана отырып, автокөлікті кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан кейін автокөліктер шетелде сатылған», делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдіктілерді тінту барысында бірнеше қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар мен ақпарат тасымалдағыштар тәркіленді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізілуде. Басты 6 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салсақ, Жоғары соттың баспасөз қызметі 6 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады.