Димаштың жобасы: Қытайдағы премьерада еліміздің туристік локациялары қамтылған

Димаштың жобасы: Қытайдағы премьерада еліміздің туристік локациялары қамтылған
Фото: Kazakh Tourism

5 ақпанда Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасында халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми премьерасы өтеді. Бағдарламаның түсірілімі толық Қазақстанның туристік локацияларында өтті және 6 өңірді қамтыды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен қолға алынып, Hunan Broadcasting System медиахолдингімен бірге жүзеге асырылды. Voice Beyond Horizon әртүрлі елдердің өнерпаздарын біріктірумен қатар Қазақстанның табиғи әралуандығын және туристік әлеуетін миллиондаған көрерменге таныстырады.

Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, Астана мен Алматы қалаларында өтті.
Жобаға Қазақстанның, Қытайдың, Қырғызстанның, Италияның, Малайзия мен Сербияның орындаушылары қатысады. Өткен жылдың қыркүйек айында олар Қазақстан өңірлерін аралап, 7 мың шақырымнан астам жол жүріп өтті.

Жоба бағыты көне Түркістанды, Бозжыраның ерекше көріністерін және Каспий теңізі жағалауын, табиғи інжу-маржанға айналған Қайыңды мен Көбейтұз көлдерін, туристік Саты ауылын, Қапшағай су қоймасын, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қамтыды.

Жобаның ресми көрсетілімі Қытайда аудиториясы 1,9 миллиардтан асатын Hunan TV телеарнасы мен Mango TV цифрлық платформасында, елімізде «Qazaqstan» ұлттық арнасында өтеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан мен Қызылорда облысы мейрамхана салудан республика бойынша алдыңғы орында екенін хабарладық.