Қазақстандық стартап Energy Venture Day байқауында үздік атанды

Бүгін, 18:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстандық стартап Energy Venture Day байқауында үздік атанды
Фото: Энергетика министрлігі

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов қазақстандық Armeta AI стартапын CERAWeek аясында Хьюстон қаласында өткен Energy Venture Day питч-байқауындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Министр құттықтауында әлемдегі ең беделді энергетикалық алаңдардың біріндегі бұл жетістік тек команда үшін ғана емес, сонымен қатар қазақстандық зияткерлік мектептің жоғары әлеуетінің айқын дәлелі екенін атап өтті.

Әлемнің 50 инновациялық компаниясы арасынан «Өнеркәсіптік тиімділік және декарбонизация» санатында жеңіске жету – жоғары дайындық деңгейі мен технологиялық бәсекеге қабілеттіліктің нәтижесі екені айтылды.

Ведомство басшысы бұл жетістіктің символдық мәніне де тоқталды: жеңіс Қазақстанда цифрлық шешімдер мен тұрақты даму қағидаттары белсенді енгізіліп жатқан кезеңде қол жеткізілді. Сондай-ақ стартап әзірлеген құрылыс сараптамасының күрделі процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін платформа ерекше атап өтілді. Бұл өз кезегінде энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге ықпал етеді.

Қорытындысында министр командаға алдағы уақытта жаңа табыстар, бизнесті кеңейту және жасанды интеллектіні жаһандық энергетика саласына тиімді енгізу жолында жетістіктер тіледі. Сонымен қатар бұл жеңіс отандық стартап-экожүйенің дамуына қуатты серпін беретініне сенім білдірді.