Қазақстандық ғалымдар ғылыми қызметін коммерцияландыруда табысқа жетіп жатыр

Бүгін, 17:45
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық ғалымдар ғылыми қызметін коммерцияландыруда табысқа жетіп жатыр
Фото: Үкімет

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Үкіметтің жылдық жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан отандық ғалымдардың ғылыми жаңалықтарын коммерцияландыруда табысқа жетуде екенін жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап. 

Ведомствоның мәліметінше, Satbayev University металлургия институтының технологиясы бойынша «Қазақмыс Прогресс» ЖШС-де алғаш рет вакуумдық дистилляция әдісімен СТ-1 маркалы техникалық селен алынды. Өнімнің тазалық деңгейі 99,5%-ға жеткен, бұл селеннің қосымша құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттырып отыр.

2025 жылдың қаңтарында Қытайға 99,5%-дан жоғары тазалықпен 100 тоннадан астам тазартылған селен экспортталды. Бірінші экспорттық партия халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және түсті металлургияның жаһандық нарығында жаңа мүмкіндіктер ашады.

Назарбаев Университетінің ғалымдары литий-ионды аккумуляторлар үшін отандық шикізаттан катодты материалдар прекурсорларын өндіру технологиясын әзірледі. Өндірістің әлеуетті көлемі $40 млрд-қа бағаланып отыр. Бұл Қазақстанның аккумулятор компоненттерін жеткізудің жаһандық тізбегінде негізгі өндірушіге айналуына жол ашады.

Сілтісіздендіру бойынша шешімдер әзірлеу мақсатында «Казгидромедь» ЖШС жанынан «Қазақмыс» компаниясының R&D орталығы іске қосылды.

Аризона университетінің және Қозыбаев университетінің ғалымдары «ҚазМұнайГаз» АҚ-мен бірлесіп, күкіртті қайта өңдеу арқылы қосылған құны жоғары және экспорттық әлеуеті бар жаңа материалдар әзірлеуде.

2025 жылы 62 жаңа шарт жасалып, жалпы 267 ғылыми жоба коммерциялану сатысында. Жеке инвестициялар көлемі 20,4 млрд теңгеге жетті, алдағы уақытта тағы 8,8 млрд теңге тарту жоспарланып отыр. Жобалардың аяқталуына қарай жеке қоса қаржыландыру үлесі 32 %-ға дейін өседі.

Жер қойнауын пайдаланушылардың бюджет арқылы орталықтандырылған төлемдері есебінен ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру механизмі енгізілуде.

2024–2025 жылдары алғаш рет 576 жас ғалымға пәтер кілттері табысталды: 2023–2024 жылдары «Отбасы банк» АҚ арқылы 482 пәтер, ал 2024–2025 жылдары Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы қаласында 94 пәтер қайтарымсыз негізде берілді.

Еске салайық, бұдан бұрын елімізде 10 мыңнан астам орынға арналған жатақханалар іске қосылатынын жаздық.