Референдум-2026

Қазақстандық 40 студент Түркиядағы жазғы мектепке жол тартты

Қазақстандық 40 студент Түркиядағы жазғы мектепке жол тартты
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 40 студенті дәстүрлі «Жазғы мектеп» бағдарламасы аясында Түркия Республикасына аттанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарлама академиялық ұтқырлықты дамытуға, студенттердің халықаралық тәжірибесін кеңейтуге және Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жазғы мектепке оқу үлгерімі жоғары, түрік тілін еркін меңгерген әрі қоғамдық, ғылыми және шығармашылық бағыттағы жетістіктерімен ерекшеленген студенттер арнайы іріктеу арқылы қабылданды.

Сапар алдында университет басшылығы бағдарлама қатысушыларымен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, шетелде жинақталған тәжірибені оқу мен қоғамдық қызметте тиімді пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.

Алдағы он күнде студенттер Бурса, Чанаккале, Балыкесір, Билежік, Анкара, Невшехир, Болу және Ыстанбұл қалаларында болып, тарихи-мәдени ескерткіштермен танысады. Сондай-ақ жетекші жоғары оқу орындарының жұмысымен және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму тәжірибесін зерделейді.

Айта кетейік, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері «Жазғы мектеп» бағдарламасы бойынша Түркияға биыл төртінші рет барып отыр. Алғашқы жылы жобаға 70 студент қатысса, кейінгі үш жылда жыл сайын 40 студенттен жолдама алып келеді.

Бұған дейін Қазақстанда Аризона университетімен бірлескен қос диплом бағдарламасының алғашқы түлектері диплом алғанын жазған едік.