Қазақстанда медициналық ұйымдардың 60 пайызы ұлттық аккредиттеу жүйесімен қамтылады – ДСМ
Бүгінгі таңда еліміздің 752 медициналық ұйымы аккредиттеу мәртебесіне ие, бұл аккредиттеуге жататын ұйымдардың жалпы санының 57,9 пайызын құрайды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы жылдары өңірлердегі медициналық ұйымдардың медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі ретінде ұлттық аккредиттеуден өтуге деген қызығушылығының тұрақты өсуі байқалады.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде еліміздің 752 медициналық ұйымы аккредиттеу мәртебесіне ие, бұл аккредиттеуге жататын ұйымдардың жалпы санының 57,9 пайызын құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 557 медициналық ұйымды, ал 2023 жылы 447 медициналық ұйымды құраған.
Аккредиттеуден өтуді ынталандырудың маңызды факторы медициналық қызметтерді сатып алу кезінде ұзақ мерзімді шарттарды енгізу болды. Мұнда негізгі өлшемшарттардың бірі болып аккредиттеудің бірінші немесе жоғары санаты болған. Бұл тәсіл бір мезгілде медициналық көмектің сапасын арттыруға және медициналық ұйымдар үшін ашық және тең жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Медициналық ұйымдардың тартылуын арттыру мақсатында стоматологиялық көмек көрсететін ұйымдар үшін аккредиттеудің жаңа стандарты әзірленді.
«2026 жылы бейінді медициналық ұйымдар – гемодиализ орталықтары, психикалық денсаулық орталықтары, фтизиопульмонология орталықтары және басқа да мамандандырылған мекемелер үшін аккредиттеу стандарттарын әзірлеуді қоса алғанда, әдіснамалық жұмысты жалғастыру жоспарлануда.
2026 жылға арналған басты мақсат республиканың медициналық ұйымдарының 60%-ын ұлттық аккредиттеумен қамту болып табылады. Бұл көрсеткішке қол жеткізу халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырудағы маңызды қадам болады.
Ұлттық аккредиттеу жүйесін дамыту денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Үкіметте денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланғанын жаздық.