«Қазақстан темір жолы» Астанадағы «Таза Қазақстан» бастамасына қосылды

«Қазақстан темір жолы» Астанадағы «Таза Қазақстан» бастамасына қосылды
Фото: Василий Крась

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары өтті. Іс-шараға «Нұрлы жол» вокзалы мен «Сарайшық» аудандық полиция басқармасының қызметкерлері белсенді қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Акция барысында ҚТЖ мен полицияның 150-ден астам қызметкері вокзал аумағын тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, қалалық аумақтардың тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру.

«Нұрлы жол» вокзалының бас инженері Ермахан Байдәулетов бұл бастаманың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, вокзал тек жолаушыларға қызмет көрсететін нысан ғана емес, сонымен қатар қала экологиясына әсер ететін маңызды орта.

«Қазақстан темір жолы» ұжымы «Таза Қазақстан» бастамасын толық қолдайды.

Бұл акция – қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Қызметкерлеріміз теміржол аумақтарын күтіп ұстауға, көгалдандыру жұмыстарына және қоршаған ортаны қорғауға белсенді қатысуда.

Біз әрбір азаматты табиғатты аялауға, тазалықты сақтауға шақырамыз. Таза орта – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз, – деді ол.

Сонымен қатар ҚТЖ қызметкері Анар Мұхамәдиқызы акцияның тәрбиелік мәніне тоқталды.

«Мен бұл бастамаға қатысуды үлкен жауапкершілік деп санаймын. Бұл акция бізге тек айналаны тазалау ғана емес, табиғатқа деген көзқарасымызды өзгертуге мүмкіндік береді. Әрбір тазаланған аумақ пен отырғызылған ағаш – болашақ ұрпаққа жасалған қамқорлық. Біз күнделікті жұмысымызда да тазалық пен тәртіпті сақтауға мән береміз», – деді ол.

Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы ел бойынша экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, табиғатты қорғауға және қоғамның белсенділігін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық айлығы жалғасып жатыр