«Таза Қазақстан»: Астанада ауқымды экологиялық айлық жалғасып жатыр

Бүгін, 11:09
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
«Таза Қазақстан»: Астанада ауқымды экологиялық айлық жалғасып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық айлығы жалғасып жатыр. Оның аясында елордада «Таза аула» ұранымен абаттандыруға бағытталған бірқатар іс-шара өтуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

18 сәуір күні қала бойынша тазалық акциялары ұйымдастырылып, аумақтарды санитарлық тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр. Қоқыс шығарылып, саябақтар, гүлзарлар, тұрғын үйлердің аулалары, сондай-ақ бизнес нысандары мен қоғамдық тамақтану орындарына іргелес аумақтар ретке келтіріледі.

Экологиялық науқанға қала тұрғындары, мәдениет қайраткерлері, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері, МИБ/ПИК өкілдері, шағын және орта бизнес, еріктілер мен студенттер белсенді қатысады.

«Бүгін достарыммен бірге қаланың тазалығын сақтау акциясына қосылдық. Мұндай бастамаларға қатысу – ортақ іске үлес қосу мүмкіндігі.

Қарапайым тазалықтың өзі қаланы көркейтіп, жайлы етеді», – деді акцияға қатысқан студенттердің бірі.

Әкімдік тұрғындарды экологиялық айлықты қолдауға шақырады.

Бастаманың басты мақсаты – тазалықты сақтау мәселесіне назар аудару және тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Әрбір тұрғын мен ұйым көшелер мен аулаларды абаттандыруға үлес қосып, қаланы таза, жайлы әрі экологиялық қолайлы ортаға айналдыра алады.