Қазақстан ШЫҰ мен ТМҰ аясында цифрландыруға қатысты бірқатар құжатқа қол қойды
Бішкекте ҚР Көлік министрлігінің өкілдерінің қатысуымен «Қырғызстан – өңірлік хаб: құрлықтарды байланыстыру» атты халықаралық көлік форумы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Форум аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде көлік министрліктері басшыларының кездесулері де ұйымдастырылды.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік министрліктері басшыларының 13-ші кеңесі аясында қазақстандық тарап күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ақпарат ұсынып, халықаралық автомобиль тасымалдарына рұқсаттарды цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар, кеңес барысында тараптар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі арнайы жұмыс тобы туралы ережені келісті.

Сондай-ақ мультимодальды құрлықтағы жүк тасымалдарын басқаруға арналған ШЫҰ-ның бірыңғай цифрлық платформасын құру тұжырымдамасының жобасын қоса алғанда, бірқатар өзге де құжаттар талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын одан әрі дамыту жөніндегі уағдаластықтарды бекіткен қорытынды хаттамаға қол қойылды.
ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің көлік ведомстволары басшыларының 9-шы кездесуі барысында Қазақстан цифрландыруды енгізу және ұйымға мүше елдердің мемлекеттік шекараларынан өту үдерістерін жеңілдету жұмыстарының айрықша маңызын атап өтті.
Атап айтқанда, электрондық жүкқұжатын (e-CMR) енгізу және шетелдік рұқсат бланкілерімен электронды алмасу жүйесін (e-Permit) кеңейту, оның ішінде жасанды интеллект элементтерін пайдалану жұмыстары ерекше атап өтілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің көлікке жауапты министрліктері арасында e-CMR енгізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу жөніндегі қол жеткізілген уағдаластықтар кездесу қорытындысы бойынша қол қойылған бірлескен коммюникеде де бекітілді.
Еске сала кетсек, елімізде алдағы төрт жылда 5 мың шақырым жаңа теміржол салынады.