Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктестікті талқылады

Бүгін, 14:24
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктестікті талқылады
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқаны атап өтілді. Сондай-ақ өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру қарқын алғанына назар аударылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы Қазақстан-Ресей байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі өрістетуге қос тараптың ұмтылысын тағы да растайды.

– Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине, қуаныштымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әңгімелесу барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне баса мән берілді.

Мемлекет басшысы Астана алдағы сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді.

Президенттің айтуынша, әзірлік жұмыстары аясында сан қырлы ынтымақтастық тағы да пысықталды.

Ресей Үкіметінің Төрағасы қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтады.

Михаил Мишустиннің айтуынша, референдум Қазақстан Президентінің мемлекет іргесін нығайтуды, экономиканы дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруды көздейтін саясатын барша халық қолдайтынын көрсетті.

– Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Үкімет бұл сапардың да табысты өтуіне барынша күш салады. Сіздің былтыр қараша айында Ресей Федерациясына жасаған сапарыңыз барысында мемлекеттер басшылары қойған барлық міндетті екі ел үкіметтері іске асырып жатыр, – деді Михаил Мишустин.

Сондай-ақ тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Бұған дейін Президент ХІV қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитовты марапаттады.