Қазақстан мен Ауғанстан трансшекаралық төлемдер тетігін жетілдіруді талқылады
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ghazanfar Bank директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Исмаил Газанфармен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қаржылық-банктік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Серік Жұманғарин Қазақстанның Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өзара сауданың тұрақты өсуі үшін екі ел кәсіпкерлері арасындағы есеп айырысуды үздіксіз қамтамасыз ететін сенімді әрі ашық банк инфрақұрылымын дамыту маңызды.
Қазіргі таңда 23 қазақстандық банктің екеуі ауған банктерімен корреспонденттік қатынас орнатқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы трансшекаралық төлемдер мен ақша аударымдарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 26%-ға өсіп, 140 млрд теңгеге жетті. Ал тауарлар мен қызметтер үшін жасалған төлемдер көлемі бес есе артқан.
Кездесуде банктер арасындағы корреспонденттік қатынастарды кеңейту, тікелей банк арналарын құру, трансшекаралық төлем тетіктерін жетілдіру және сыртқы сауда операцияларын қаржылық сүйемелдеу мәселелері қаралды. Сондай-ақ тағы бір қазақстандық банк Ghazanfar Bank-пен корреспонденттік шоттар ашу рәсімінен өтіп жатқаны айтылды.
Екі ел арасындағы сауда көрсеткіштері де айтарлықтай өскен. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 342,4 млн АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есе артты. Оның ішінде экспорт көлемі 338,5 млн долларды құрап, дәл осындай қарқынмен өскен.
Экспорттың ұлғаюына негізінен бидай, бидай-қара бидай ұны, күнбағыс майы және басқа да өнімдер жеткізілімінің артуы әсер еткен.
Айта кетейік, Ghazanfar Bank – 2009 жылдан бері Ауғанстанның Орталық банкі лицензиясы бойынша жұмыс істейтін елдегі ірі коммерциялық банктердің бірі. Банк дәстүрлі және исламдық банктік қызметтердің толық спектрін ұсынады. Соңғы төрт жылда ол қаржылық тұрақтылық, басқару сапасы, өтімділік пен сенімділік көрсеткіштері бойынша жоғары бағаланатын CAMEL 2 рейтингін иеленген.
Банк Қазақстан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Үндістан, Өзбекстан және Бахрейндегі қаржы институттарымен корреспонденттік байланыс орнатқан. Қазақстандағы серіктесі – Zaman Bank. 2025 жылы банк арқылы халықаралық төлемдер мен аударымдардың жалпы көлемі шамамен 1,3 млрд АҚШ долларын құрады.
Сондай-ақ банк кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы халықаралық талаптарды (AML/CFT) сақтауға басымдық беріп, қаржылық мониторингтің заманауи жүйелерін қолданады.
Бұған дейін елімізде Ислам даму банкінің қолдауымен төрт жаңа су қоймасы салынатынын жазған болатынбыз.