«Қазақконцерт» ұжымы Конституцияның жаңа жобасын талқылады
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында «Конституция – тәуелсіздіктің кепілі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Дөңгелек үстелге ұйымның директоры Ақан Әбдуәлиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония камералық хорының бас дирижері Гүлмира Құттыбадамова, сондай-ақ мәдениет және өнер саласының өкілдері мен «Қазақконцерттің» шығармашылық ұжымдарының көркемдік жетекшілері қатысты.
Жиында «Қазақконцерт» директоры Ақан Абдуалиев жаңа Конституция жобасындағы мәдениет пен білім саласына қатысты басымдықтарға тоқталды.
«Алдыңғы кезекте Ата заңның жаңа мәтінінде білім мен ғылымға, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, мәдениет пен инновацияға басымдық берілгені көңіл қуантады. Бұл 3-баптың 1-тармағында айқын жазылады. Одан бөлек 40-бапта Қазақстан азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екендігі айтылған. Себебі еліміздің болашағы адами капиталға, азаматтардың білімі мен жетістіктеріне негізделетінін көрсетеді. Мұндай бағыт жастардың әлеуетін ашуға, шығармашылық пен зияткерлік дамуды қолдауға жол ашады», - деп атап өтті.
Жиын қорытындысында жаңартылған Конституция шығармашылық бастамаларды қолдауға, ұлттық мұраны қорғауға және қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға берік негіз қалыптастыратыны атап өтілді.

Еске салсақ, Конституциялық комиссия жаңа Конституцияны жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде түскен ұсыныстарды қарады.