Қарағанды облысында уылдырық шашу кезеңінде браконьерлер ұсталды

Қарағанды облысында уылдырық шашу кезеңінде браконьерлер ұсталды
Фото: ІІМ

Қарағанды облысында «Уылдырық шашу» табиғатты қорғау акциясы аясында су айдындарында бақылау күшейтілді. Су биоресурстарын қорғау мақсатында күшейтілген рейдтік іс-шаралар барысында табиғат қорғау полициясы ішінде 55 және 51 жастағы екі жергілікті тұрғын болған жүзу құралын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру кезінде олардың уылдырық шашу кезеңінде енгізілген тыйымдарды бұзып, заңсыз балық аулауға арналған торларды пайдаланғаны белгілі болды. Оқиға орнында заңсыз ауланған балық пен құралдар тәркіленіп, табиғатқа 1 287 250 теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды.

Сонымен қатар тексеру барысында тағы бір құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Біраз қашықтықта тоқтатылған екінші жүзу құралының иесі 39 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оның әрекетінен табиғатқа келтірілген залал 2 973 610 теңгені құрады. Аталған азаматтың бұған дейін ұсталған құқық бұзушылардың бірінің жақын туысы екені анықталған.

Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша қылмыстық істер қозғалды. Құқық бұзушылыққа пайдаланылған екі моторлы қайық заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді.

Тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасын бұзу қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

Бұған дейін 1 млн долларды иемденіп, 10 жыл іздеуде жүрген күдікті Германиядан экстрадицияланғанын жазғанбыз.