1 млн долларды иемденген: 10 жыл іздеуде жүрген күдікті Германиядан экстрадицияланды
Германиядан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында шетелдік азамат экстрадицияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бұл шараны сол елдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері жүргізді.
«Тергеу барысында ол 2014 жылы бір топ адаммен алдын ала сөз байласып, компьютерлік техниканы жеткізуге жәрдем көрсету сылтауымен қазақстандық кәсіпкердің 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражатын алдап иемденгені анықталды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған», делінген хабарламада.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Германияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Қазіргі уақытта сотталушы тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамда ұсталды.