Қалтадағы 246 орама: Ақтөбеде есірткі таратушылардың әрекетіне тосқауыл қойылды

Бүгін, 21:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қалтадағы 246 орама: Ақтөбеде есірткі таратушылардың әрекетіне тосқауыл қойылды
Фото: видеодан скриншот/Ақтөбе ПД

«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жедел ақпаратты іске асыру барысында полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласының өнеркәсіптік аймағында есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ұсталғандардың бірін жеке тінту кезінде ішінде жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат салынған 246 орама анықталып, тәркіленді. Оқиға болған жерді тексеру барысында полиция қызметкерлері тағы 133 ораманы тәркіледі.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер есірткіні Telegram мессенджеріндегі интернет-дүкен арқылы сатып алып, оны жасырын орындарға жасыру арқылы таратқан.

 «Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы және есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталуда», - делінген хабарламада.

Полиция есірткі заттарын дайындау, сақтау, тасымалдау және өткізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Интернет-дүкендер мен мессенджерлерді пайдалану қылмыстық әрекетке қатысушыларға анонимдікке кепілдік бермейді.

Еске салайық, бұдан бұрын қызметтік иттер 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектескені туралы жаздық.