Референдум-2026

PUBG-дің әлемдік жұлдыздары алғаш рет Қазақстанға келеді

PUBG-дің әлемдік жұлдыздары алғаш рет Қазақстанға келеді
Ajnj& wikipedia.org

29 шілдеден бастап Астана бірнеше күнге әлемдік киберспорттың басты орталықтарының біріне айналады. Елордаға өнерін миллиондаған жанкүйерлер осы уақытқа дейін тек ірі халықаралық турнирлердің тікелей эфирлері арқылы ғана тамашалап келген әлемнің үздік командалары келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

31 шілде мен 2 тамыз аралығында The Games of the Future Astana 2026 powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирі аясында Beeline Arena алаңында Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS дисциплинасы бойынша жарыстар өтеді.

Чемпиондық атақ үшін әлемнің ең мықты 16 кәсіби командасы бақ сынайды. Қазақстан үшін бұл жай ғана кезекті халықаралық турнир емес, PUBG: BATTLEGROUNDS ойынына арналған осындай ауқымдағы алғашқы жарыс.

Қатысушылар қатарында әлемдік деңгейдегі ең ірі турнирлерде тұрақты түрде үздіктер қатарынан көрініп жүрген және кәсіби PUBG сахнасының даму бағытын айқындайтын клубтар бар.

Олардың қатарында Team Falcons, T1, Team Vitality, Virtus.pro, Gen.G, 17Gaming, Twisted Minds, Geekay Esports, сондай-ақ Еуропа, Азия және Таяу Шығыстың өзге де үздік командалары өнер көрсетеді.

Қазақстандық киберспорт жанкүйерлері үшін бұл — бұған дейін тек Оңтүстік Корея, Қытай, Сауд Арабиясы немесе Еуропада өткен әлемдік турнирлердің ареналарынан ғана көруге болатын командалардың ойынын өз көздерімен тамашалаудың бірегей мүмкіндігі.

Team Falcons соңғы жылдардағы ең жарқын жобалардың бірі саналады. Команда халықаралық ірі жарыстарда тұрақты түрде жеңіске үміткерлер қатарынан көрініп, агрессивті ойын мәнерімен танымал.

T1 — әлемдік киберспорттың символына айналған ұйым. PUBG ойнамаған адамдардың өзі бұл атауды жақсы біледі. Оңтүстік Корея клубы ондаған жылдар бойы индустриядағы ең беделді брендтердің бірі саналып келеді.

Virtus.pro — Еуропадағы ең танымал киберспорт ұйымдарының бірі. Оның командалары көптеген жылдар бойы әлемдік деңгейдегі ең беделді турнирлерде тұрақты өнер көрсетіп келеді.

17Gaming Қытайдың намысын қорғайды. Бұл ел кәсіби PUBG деңгейі бойынша әлемдегі ең мықты аймақтардың бірі ретінде мойындалған.

Қазақстандық жанкүйерлердің ерекше назары DIGA Esports командасына ауады. Дәл осы ұжым ел намысын өз жерінде өтетін турнирде қорғап, алғаш рет әлемнің ең үздік командаларымен өз жанкүйерлерінің алдында күш сынасады.

Қазақстандық киберспорт үшін бұл — отандық ойыншылардың әлемдік деңгейдегі қарсыластармен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатынын дәлелдеуге мүмкіндік болса, жанкүйерлер үшін халықаралық деңгейдегі жарыста өз командасын қолдаудың ерекше сәті болмақ.

Осындай деңгейдегі турнирдің Қазақстанда өтуі халықаралық киберспорт қауымдастығының елімізге әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізетін маңызды алаң ретінде қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Жарысқа ойыншылармен бірге шетелдік командалардың өкілдері, бапкерлер, сарапшылар, журналистер және киберспорт жанкүйерлері келеді.

Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS жарысы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін The Games of the Future Astana 2026 powered by Samruk-Kazyna халықаралық турнирінің сегіз дисциплинасының бірі болады.

Турнирге 50-ден астам ұлттың 800-ден астам спортшысы қатысады. Көрермендер фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, Counter-Strike 2, Dota 2, Mobile MOBA және PUBG: BATTLEGROUNDS сияқты бірнеше жарыс форматын тамашалай алады.

«Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) Powered by Samruk-Kazyna халықаралық мультиспорттық турнирінің ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ. «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) турнирінің құқық иесі – Phygital International. Турнирдің ресми веб-сайтына мына сілтеме арқылы өтуге болады.