Президенттің мерзімді баспасөздің рөліне берген бағасы бірден назарымды аударды – Олжас Сыдықбек

5 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Президенттің мерзімді баспасөздің рөліне берген бағасы бірден назарымды аударды – Олжас Сыдықбек
Фото: akorda.kz

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Elorda Aqparat медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген сұхбатына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Бүгін «Turkistan» газетінде жарық көрген Мемлекет басшысының сұхбаты біраз мәселені қаузапты. Медиа саласында қызмет етіп жүргендіктен Президенттің мерзімді баспасөздің рөліне берген бағасы бірден назарымды аударды. «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр». Бұл пікір қазіргі ақпарат кеңістігіндегі сапа мен жауапкершілік мәселесін күн тәртібіне қайта шығарады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы «әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр» деп атап, қоғамның жедел жаңалықпен шектелмей, мазмұны терең ақпараттың құнын түсінуі керектігін айқын жеткізді», - деді медиаменеджер.

Олжас Сыдықбек сұхбатта отандық журналистиканың ағартушылық миссиясы да нақты көрсетілгенін жазды.

 «Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады», «кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер… дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді». Бұл медиа саласының басты өлшемі рейтингілік көрсеткіштер емес, қоғамға қызмет ететін сапалы контент екенін дәлелдейді. Білім беру және руханиятқа қатысты ойлар да өзекті. Президенттің «Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз» деген тұжырымы жастарды білім мен ғылым жолына бағыттаудың стратегиялық маңызын көрсетеді. Бұл тұрғыда ақпарат құралдарының міндеті – оқырманды ойландыратын, талдауға үйрететін, қоғамдық пікір мәдениетін қалыптастыратын мазмұнды күшейту», - деді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі.

Спикердің айтуынша, биылғы  негізгі бағыт ретінде жарияланған цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесі де сұхбаттың маңызды өзегін құраған.

«Президенттің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген ұстанымы экономиканың ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет көрсету жүйелерінің де сапасын арттыруға арналған ұзақ мерзімді бағдар. Бұл міндеттерді іске асыру қоғамнан жаңа көзқарас пен жаңа жауапкершілік талап етеді.

Жалпы, сұхбаттағы ойлар медианың, білімнің, руханияттың және әлеуметтік саясаттың мемлекет дамуы үшін өзара сабақтас екенін көрсетеді. Басты талап – сапа, әділет, тәртіп және ортақ жауапкершілік. Бұл қағидаттар қоғамдық сананы жаңғыртудың да, институционалдық дамудың да берік негізі болуға тиіс деп ойлаймын», - деді Олжас Сыдықбек.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.