Президент Жаңа Қазақстанды бүкіл халық болып бірлесе құру қажет екенін айтты – депутат

5 қаңтар, 2026
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Президент Жаңа Қазақстанды бүкіл халық болып бірлесе құру қажет екенін айтты – депутат
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Turkistan газетінің бас редакторы, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты сұхбаты бүгінгі қоғамның жай-күйін саралап қана қоймай, ел дамуының алдағы кезеңіне арналған нақты бағдар мен жауапкершілігі зор міндеттерді айқындап берген мазмұнды әрі маңызды саяси құжат болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Президент өз сөзінде алдағы кезеңде жүзеге асатын реформалардың басты бағыттарына тоқталып, олардың негізгі мақсаты әділетті мемлекет, инклюзивті экономика және жауапты қоғам қалыптастыру екенін айқын атапты. «Реформа үшін реформа жасалмайды» деген ұстанымды алға тарта отырып, барлық өзгерістердің түпкі нәтижесі халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс екенін нақты жеткізді. Сұхбатта Мемлекет басшысы ерекше мән берген бағыттардың бірі әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндік екені айқын көрінеді. Бай мен кедей арасындағы алшақтықты азайту, табысты әділ бөлу, әлеуметтік саясаттың нақты мұқтаж азаматтарға жетуін қамтамасыз ету мемлекеттің басты міндеті екенін Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты атап өтті. Аңғарып қарағанға бұл халықтың ең өзекті сұраныстарына берілген шынайы әрі батыл жауап», - деді халық қалаулысы.

Депутаттың айтуынша, Президент білім мен ғылымды, мәдениет пен руханиятты ұлттың ұзақ мерзімді дамуының өзегі ретінде қарастырады.

«Ұлт сапасы тек экономикалық өсіммен өлшенбейді, ол ең алдымен адам капиталының деңгейімен, тәрбиелі, білімді әрі жауапкершілігі жоғары азаматтармен айқындалатынын әрбір саналы азаматтың жадында бекіте түсті. Сонымен қатар, білім мен руханиятты жаңа арнаға бұру үшін мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, білім сапасын арттыру стратегиялық басымдық болып қала беретінін де тілге тиек етті. Мемлекет басшысы заң үстемдігі, әділ сот жүйесі, жемқорлықпен жүйелі күрес мәселелеріне де айрықша тоқталып, мемлекет тек талап қоятын ғана емес, заң алдында өзі де жауап беретін құрылымға айналуы тиіс деген келелі ой айтты. Біле білгенге бұл ел азаматтарының мемлекетке деген сенімін арттырудың негізгі алғышарты екені анық», - деді спикер.

Жанарбек Әшімжан сұхбатта өңірлердің тең дамуы, ауылды қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері де кеңінен қамтылғанын айтты.

«Алматы облысынан сайланған депутат ретінде бұл бағыттағы бастамалардың өңірлердің әлеуетін толық пайдалану, әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында жоспарлы түрде, кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына куә болып жүрміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық диалог пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын ерекше атап өтіп, Жаңа Қазақстанды тек билік емес, бүкіл халық болып бірлесе құру қажет екенін нақты айтты. Әрбір азамат ел тағдырына бейжай қарамай, реформалардың белсенді қатысушысына айналуы тиіс деген маңызды үндеу жасалды. Қорыта айтқанда, уақыт кестесі тығыз Мемлекет басшысының мерзімді басылымға берген бұл сұхбаты жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқан Қазақстанның айқын келбетін, мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілігін және ортақ мақсатқа негізделген даму философиясын көрсететін маңызды саяси мәлімдеме болды», - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ, халық қалаулысы Президент белгілеген бағыт елдің тұрақты дамуы мен ұлт болашағына бастайтын сара жол екенін айтты.

«Осы жолда бірлесе еңбек ету баршамыздың азаматтық борышымыз. Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде Мемлекет басшысы көтерген бастамаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру, мәдениет пен білім саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру біздің де басты міндетіміз болмақ», - деді Жанарбек Әшімжан.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланғанын жаздық.