Президент Ұлттық банкке инфляцияны тежеу және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауды тапсырды

Президент Ұлттық банкке инфляцияны тежеу және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауды тапсырды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық банкінің 2025 жылғы қызмет қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ақша-несие саясатының нәтижелері, қаржы секторының ахуалы, алтын-валюта резервтері, Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің жағдайы туралы баяндады.

Кездесуде өткен жылы инфляция деңгейі 12,3 пайызға дейін төмендегені айтылды. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, мамыр айының қорытындысы бойынша инфляция 10,4 пайызды құраған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі жөнінде ақпарат берілді. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құраған. Ұлттық қордың валюталық активтері 63,9 миллиард долларға дейін өссе, БЖЗҚ активтері 25,1 триллион теңгеге жеткен.

Президентке қаржы жүйесін цифрландыру бағытындағы жұмыстар да таныстырылды. 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим іске қосылып, оның аясында нақты активтерді токендеу, стейблкоиндер шығару және криптоқызметтерді дамытуға қатысты 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған.

Бұдан бөлек, Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосты. Ол қауіпсіз биометрияны, банкаралық төлем жүйелерін, цифрлық теңгені, қаржылық деректер алмасу платформаларын және алаяқтыққа қарсы тетіктерді біріктіреді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді, Үкіметпен бірлесіп инфляцияны тежеу және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар қаржы нарығындағы заманауи цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.