19.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Полиция инспекторлары елордалық оқушыларға есірткіден сақтану жолдарын түсіндірді

|
Photo: Сұлтан Сейіт
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Полиция инспекторлары елордалық оқушыларға есірткіден сақтану жолдарын түсіндірді

|
Photo: Сұлтан Сейіт

Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №4 балалар кітапханасында «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбында іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шара жастар, студенттер мен оқушылар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған «Астана – есірткісіз қала» қалалық жобасы, «Заң және тәртіп» қағидаты шеңберінде ұйымдастырылды.

Еркін әңгіме түрінде ұйымдастырылған кездесуге №48 мектептің 8-сынып оқушылары қатысты. Іс-шара қонағы ретінде шақырылған спикерлер «Алматы» ауданы Полиция басқармасы жасөспірімдер бөлімшесінің аға инспекторы Ақдидар Шаримбекова мен учаскелік полиция инспекторы Мұхаметдин Қалабаев есірткі заттарын қолданудың салдарын айтып, есірткі саудасының қатысушысы болудан сақтану жолдарын түсіндірді. Оқушыларға мұндай жағдайлардың алдын алу және қиын сәтте қолжетімді көмек шаралары туралы өзекті ақпарат ұсынды.

«Жауапты полиция қызметкерлері тарапынан жасөспірімдер арасындағы темекі, есірткі, алкоголь өнімдерін тұтыну, буллинг, басқа да бұзақылықтардың алдын алу үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Оған қоса, қоғам белсенділерін тарта отырып, оқу орындарында айына екі реттен кем емес дәріс өткізіп тұрамыз. Бүгін, міне, кітапхананың ұйымдастыруымен жасөспірімдерге жаман әдеттерден аулақ болу үшін бос уақыттарын қалай өткізу қажеттігінен бастап, қалай есірткіден және оны таратудан сақ болу керектігін түсіндірдік», - деді Ақдидар Шаримбекова.

Аға инспектордың айтуынша, есірткі тасымалымен айналысқаны үшін 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни Қылмыстық кодекстің 297-бабы бойынша қамауға алынады.

Ал №4 балалар кітапханасының меңгерушісі Галина Збоеваның айтуынша, есірткі қолдану және басқа да жаман әдеттердің алдын алу үшін кітапханада жоспарлы түрде іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

«Өкінішке қарай, қоғамымызда нашақорлық жоқ емес. Сондықтан ересектердің мақсаты – жастар мен жасөспірімдерді мұндай келеңсіздіктерден сақтандыру. Бұл үшін біз жыл сайын жоспарлы түрде осы тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Кітапхана мемлекеттік мектептермен де, жекеменшік мектептермен де бірлесе жұмыс істейді. Бізге әр жастағы оқырмандар келеді. Сондықтан іс-шаралар еркін әңгіме түрінде, дәріс түрінде, кітап көрмесі ретінде ұйымдастырылады. Онда оқырмандарға ішімдікке салыну мен нашақорлықтың қасіретін айтып, спортпен, пайдалы іспен шұғылдану жолдарын түсіндіреміз. Бүгін полиция инспекторлары балаларға есірткіге қатысты күнделікті өмірде кездесуі мүмкін жайттардан қалай қорғану, ондай күмәнді жағдайлар болған кезде кімге хабарласу керектігін нақты мысалдармен айтып берді», - деді ол.

Кездесуде оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарға толық жауап алды.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗