Пойызда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, не істеу керек

Бүгін, 15:39
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Пойызда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, не істеу керек
Фото: ҚТЖ

«Жолаушылар тасымалы» АҚ пойызда жолаушы өзін жайсыз сезінген жағдайда қандай әрекет жасау қажет екенін еске салады. Барлық жолаушылар пойыздарының жолсеріктері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы даярлықтан өтеді, ал әр пойыз медициналық қобдишамен жабдықталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жол үстінде жолаушының жағдайы нашарлаған жағдайда:

1. Вагон жолсерігіне дереу хабарлау қажет.

Жолсерік жолаушының жағдайын бағалап, алғашқы көмек көрсетеді.

2. Қажет болған жағдайда жолсерік пойыз бастығын хабардар етеді.

Пойыз бастығы қажетті шараларды қабылдап, медициналық қызметтермен байланысты қамтамасыз етеді.

3. Шұғыл жағдай туындаса, жедел жәрдем шақырылады.

Қажет болған жағдайда пойыз баратын ең жақын станцияда медицина қызметкерлері қарсы алады немесе ерекше жағдайда белгіленген тәртіпке сәйкес пойыз жоспардан тыс тоқтауы мүмкін.

4. Жеке дәрі-дәрмектерді өзіңізбен бірге алып жүру қажет.

Созылмалы ауруы бар жолаушы қажетті дәрісін алдын ала дайындап алып жүргені жөн, ықтимал қауіп туралы жолсерікті хабардар етуі тиіс.

«Пойыздарда төтенше жағдайлар ұдайы болып тұрады және олар тек жолаушының денсаулығына ғана қатысты емес. Пойыз бригадаларының тәжірибесінде түрлі оқиға кездеседі, мысалы сапар барысында жолаушы әйелдің босанып қалуы да бар. Соңғы үш жылда Ұлттық тасымалдаушы пойыздарында жолсеріктер мен пойыз бастықтары 15 сәбиді босандырып алған», - делінген хабарламада.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды өз денсаулығына мұқият қарауға және уақтылы көмек сұрауға шақырады.

Айта кетейік, «Астана – Талдықорған» бағытында теміржол маршруты іске қосылатын болды