Павлодар облысында 60 гектардан астам су ресурсы заңсыз жекеменшікке өтіп кете жаздады

Бүгін, 11:29
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодар облысында 60 гектардан астам су ресурсы заңсыз жекеменшікке өтіп кете жаздады
фото: Оңалхан Өнерхан

Ақтоғай ауданының прокуратурасы аумағында су объектілері мен су қорғау аймақтары орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін заңсыз беру әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Тексеру барысында тұщы және тұздыкөлдер, сондай-ақ тұз өндіруге пайдаланылатын су айдындары орналасқан үш жер учаскесінің конкурсқа шығарылғаны анықталды.

Алайда конкурс құжаттамасын әзірлеу кезінде мемлекеттік орган тарапынан арнайы рәсімдерді өткізуді және қажетті келісімдерді алуды көздейтін Су кодексінің міндетті талаптары сақталмаған.

Нәтижесінде мүдделі тұлғаларға тек жер учаскелеріне ғана емес, жалпы аумағы 60 гектардан асатын, ерекше маңызға ие және мемлекет қорғауындағы су ресурстарына да қол жеткізу мүмкіндігін беру әрекеті жасалған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заңсыз конкурс нәтижелері жойылып, анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік мүдделер қорғалды.

Жіберілген заң бұзушылықтар үшін кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Еске салайық, бұған дейін Қызылорда облысында 10 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғаны туралы жаздық.