Өткен жылы Қазақстанда энергия тапшылығы 29%-ға төмендеді – Бектенов

Бүгін, 10:51
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Өткен жылы Қазақстанда энергия тапшылығы 29%-ға төмендеді – Бектенов
Фото: primeminister.kz

Биыл 2,6 ГВт дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері іске қосылады. Бұл келесі жылдың бірінші тоқсанында энергия тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Мемлекет басшысына Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олжас Бектенов елімізде электр энергиясының тапшылығы сақталып отырғанын, ол ең жоғары жүктеме кезеңдерінде импорттың есебінен жабылатынын атап өтті.

Өткен жылы тапшылық 29%-ға азайғанымен, ауқымы әлі де үлкен.

«Жаңа тариф саясатының нәтижесінде реттеліп көрсетілетін қызметтердегі әділ нарықтық жағдайлар қалпына келуде. Қазіргі уақытта болжамды тарифтер ТКШ саласына жеке инвестицияларды қайта тартуға жол ашты. Мысалы, өткен жылы энергетика саласына 655 млрд теңге инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш шамамен 900 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай электр энергиясын өндіру көлемі 39 млрд киловатт-сағатқа ұлғаяды», - деді Олжас Бектенов.

Энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге және өсіп келе жатқан қуат тапшылығын жабуға арналған стратегиялық жұмысты жүзеге асыру шеңберінде Үкімет 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа өндіруші қуаттарды енгізу бойынша кешенді жұмыс жүргізуде, оның ішінде атом және «таза» көмір генерациясын дамытуға баса мән беріледі.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов 2025 жылы экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілгенін айтқан болатын.