Өткен түнде елорда аумағынан 30 мың текше метр қар шығарылды
Астанада бүгінгі қар күреу жұмысына 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1 600-ден аса арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түнде қала аумағынан арнайы қар полигондарына 1 929 рейспен шамамен 30 мың текше метр қар шығарылды.
Жалпы, қыс мезгілі басталғалы бері елордадан қар полигондарына 248 493 рейс жасалып, 3 млн 472 мың 175 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жүретін бағыттар тазартылады. Одан кейін қозғалыс қарқыны орташа аумақтарда – аулаларда, алаңдарда, тротуарлар мен аялдамаларда тазалау жұмысы жүргізіледі.
Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдар, тротуарлар мен көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыстар да тәулік бойы атқарылады.
Аула аумақтарындағы тазалықты қамтамасыз ету пәтер иелері кооперативтері мен мүлік иелері бірлестіктерінің міндетіне жатады. Олар тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін аулаларды қар мен көктайғақтан уақтылы тазалауы тиіс.
Коммуналдық қызмет мамандары қыс басталғалы бері күшейтілген режимде жұмыс істеп келеді. Боран мен аязға қарамастан, қаладан қар тәулік бойы, үздіксіз шығарылып жатыр.
Астана қаласының әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында алыс жолға шықпауға шақырады.
Бұған дейін «Астана Тазалық» ЖШС қызметкерлеріне коммуналдық пәтерлер берілгенін жаздық.