Референдум-2026

Оралда тамақ өнімінің сертификаты жалған болып шықты

Оралда тамақ өнімінің сертификаты жалған болып шықты
Фото: freepik.com

Оралда құрамында еті бар жартылай дайын өнімдердің сертификаты жалған екенін анықталды. Оны тексеруді Техникалық реттеу және метрология комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен бірге жүргізген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Тексеруге мұздатылған ет құрамды жартылай фабрикаттарды бақылау мақсатында сатып алу нәтижесі бойынша келіп түскен материалдар негіз болды. Өнім Беларусь Республикасының сертификаттау органында ресімделген ЕАЭО сәйкестік туралы декларациясымен бірге өткізілген.

Материалдарды зерделеу барысында декларация Алматы қаласындағы аккредиттелген сынақ зертханасы берген деп көрсетілген сынақ хаттамасының негізінде қабылданғаны анықталды.

«Құжаттың түпнұсқалығын тексеру мақсатында департамент аталған зертханаға ресми сұрау жолдады. Бұл өнімге сынақтар зертханада жүргізілмеген, ал тиісті сынақ хаттамасы ресімделмеген және берілмеген деген жауап келді», делінген хабарламада.

Осылайша, өнімге сынақтардың жүргізілмегені және оның Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі расталмады. 

Сәйкестікті растау және бағалау рәсімдерін жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін өнім өндіруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетсек, елімізде 1,1 мыңнан астам жалған сертификаттың күші жойылды.