Нотариусқа да биометрия: Қазақстанда E-Notary жүйесі енгізіледі

Нотариусқа да биометрия: Қазақстанда E-Notary жүйесі енгізіледі
Фото: Әділет министрлігі

Қазақстанда нотариаттық қызметтің жаңа цифрлық моделі енгізіледі. E-Notary платформасы нотариустың әр әрекетін тіркеп, азаматтарды биометриялық сәйкестендіруді және нотариаттық әрекеттерді жеке кабинет арқылы бақылауды қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жүйе азаматтың қатысуынсыз немесе оның хабарынсыз нотариаттық әрекеттер жасалу тәуекелін азайтуға бағытталған. Азамат өзінің қатысуымен жасалған нотариаттық әрекеттер туралы ақпаратты жеке кабинетінен көре алады.

E-Notary-ге жасанды интеллект элементтері де енгізіледі. Жүйе құжаттарды талдап, ықтимал сәйкессіздіктер мен тәуекелдерді анықтап, нотариусқа тиісті ұсынымдар береді. Дегенмен соңғы шешімді, әдеттегідей, нотариустың өзі қабылдайды.

Жүйедегі тағы бір өзгеріс – банктерден, микроқаржы және коллекторлық ұйымдардан түсетін атқарушылық жазба жасау туралы өтініштер нотариустар арасында автоматты түрде бөлінеді. Бұл өндіріп алушының нақты нотариусты таңдау мүмкіндігін болдырмай, жүктемені біркелкі бөлуге және ықтимал теріс пайдалану тәуекелдерін азайтуға тиіс.

Азаматтардың атқарушылық жазбаға қарсылық білдіру мүмкіндігі қазірдің өзінде цифрландырылған. 2025 жылғы наурыздан бері eGovMobile арқылы атқарушылық жазба туралы ақпарат алуға және оған онлайн қарсылық беруге болады. Осы уақыт ішінде 2,5 млн-нан астам атқарушылық жазба жасалып, 700 мыңға жуық онлайн қарсылық берілген.

Әділет министрлігі E-Notary платформасын пилоттық режимде сынақтан өткізгеннен кейін 2026 жылдың соңына дейін оны бүкіл ел бойынша енгізуді жоспарлап отыр.

Жаңа жүйе нотариат саласын тек цифрландыруды емес, оның ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді. Яғни азамат үшін нотариаттық әрекеттің қалай және кімнің қатысуымен жасалғанын бақылау мүмкіндігі кеңейеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері жөніндегі заңға қол қойды. Құжат нотариаттық әрекеттер жасау кезінде, соның ішінде атқарушылық жазбалар рәсімделген жағдайда, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

Бұған дейін кредиттер бойынша қарыздарды реттеуге арналған бірыңғай платформа іске қосылғанын жазған едік.