Нигериядағы шабуыл, АҚШ-тағы теракт жоспары: терроризмге қатысты әлемдегі соңғы оқиғалар
Әлемнің бірқатар елінде терроризмге байланысты оқиғалар тіркелді. Нигерияда қарулы адамдардың шабуылынан 26 адам қаза болса, Нигерде террористердің шабуылынан 18 әскери қызметші көз жұмған. Ал АҚШ-та Нью-Йорк штатының капитолий ғимаратында теракт ұйымдастырмақ болды деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Терроризмге қарсы орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нигерияда 26 адам қаза тапты
19 тамызда Нигерияның орталық бөлігіндегі Плато штатында қарулы адамдар Бинпер қауымына шабуыл жасаған. Салдарынан 26 адам қаза тапты.
Сол елдің Кацина штатында әскери қызметшілер террористер ұрлап кеткен 14 адамды босатты. Әскери операция Сабува жергілікті өзін-өзі басқару аумағындағы Мадачи орманында жүргізілген.
Әскерилердің мәліметінше, босатылғандардың арасында алты ер адам мен сегіз әйел бар. Оларды түрлі аудандардан ұрлап әкеткен. Құтқарылған азаматтар жергілікті билік өкілдеріне тапсырылып, кейін отбасыларымен қауышу үшін қажетті көмек көрсетілген.
Нигерде 18 әскери қаза болды
24 тамызда Нигердің оңтүстік-батысындағы Доссо өңірінде терроршылар Қорғаныс және қауіпсіздік күштерінің позицияларына шабуыл жасаған.
Шабуыл салдарынан 18 әскери қызметші қаза тапты.
АҚШ-та капитолийде теракт ұйымдастырмақ болған күдікті ұсталды
АҚШ-тың Нью-Йорк штатында ФБР 35 жастағы Джессика Боуиді ұстады. Тергеу мәліметінше, ол штат капитолийінде сенаторлар отырысы кезінде қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны іске қосып, ғимаратқа барынша зиян келтіруді жоспарлаған.
АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, күдікті ғимаратқа бірнеше рет барып, жарылғыш құрылғыны орналастыратын орынды зерттеген. Сондай-ақ қажетті компоненттерді сатып алған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Боуи «Ислам мемлекетіне» (Қазақстан Республикасының аумағында қызметіне тыйым салынған террористік ұйым) адалдық антын берген және аталған ұйыммен байланысы бар деп санаған адамдармен шабуыл жоспарын талқылаған.
Күдікті 19 тамызда ФБР агенттері оған шынайы деп ойлаған жарылғыш құрылғының муляжын берген кезде ұсталған.
20 тамызда ол федералдық сот алдына жеткізілді. Оған шетелдік террористік ұйымға материалдық қолдау көрсетуге әрекет жасады деген айып тағылды. Кінәсі дәлелденген жағдайда оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіліп, 250 мың долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Малиде 20-ға жуық террористің көзі жойылды
21 тамызда Мали қарулы күштері мен Ресей Қорғаныс министрлігінің Африка корпусы Бандиагара өңірінде бірлескен операция жүргізді.
Мали әскери штабының мәліметінше, Килимпо ауылы маңында террористердің жасырынған орны анықталып, соққы жасалған. Нәтижесінде 20-ға жуық содырдың көзі жойылып, бірнеше техника, оның ішінде мотоциклдер жойылған.
Бұған қоса, 18 тамызда әскери қызметшілер Сегу өңіріндегі Сан коммунасынан 35 шақырым жерде қарулы террористік топтардың жиналатын орындарын анықтап, залалсыздандырған.
Мали әскері қарулы террористік топтар мен олардың инфрақұрылымын анықтауға бағытталған «Дугуколоко» операциясын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Терроризмге қарсы апталығы барысында БҰҰ мінберінде қазақстандық әйел өз оқиғасымен бөліскенін жазған едік.